Естеріңізге сала кетелік, Қазақстан бүгін жеңіске жеткен жағдайда әлем чемпионаты финалдық сатысына тікелей жолдама алады. Тең түскен немесе жеңілген жағдайда Чехия дүбірлі додаға жол тартады.
Бүгін бірінші кезеңнің алғашқы минуттарында қазақстандық футзалшылар сенімді ойнады. Нәтижесінде небәрі төрт минут ішінде чехтар қақпасына үш гол соғып үлгерді. Алғашқы екі голды 3 және 4-минуттарда Дуглас Жуниор соқса, сол 4-минутта Тайнан есепті үстемелей түсті. Бұдан кейін чехтар гол соғу мүмкіндігін іздеді. Осылайша Қазақстан құрамасы бірінші кезеңнен кейін қарсыласын 3:0 есебімен жеңіп жатыр.
Қазақстандық футзалшылар бүгінгі күнге дейін екі мәрте әлем чемпионаты финалдық кезеңінде (2000, 2016 жылдары) бақ сынап қайтты.
Қазақстан бұдан бұрын Румыниядан 1:3 есебімен жеңілсе, одан кейін Словениядан 4:3 есебімен басым түсті.
Бүгін D тобында тағы бір кездесу өтті. Румыния мен Словения құрамалары 4:4 есебімен тең түсті. Нәтижесінде дәл қазір турнир кестесінде Қазақстан 6 ұпаймен топ бастап тұрса, дәл сондай ұпаймен Чехия келеді. Жалғыз жолдама тағдыры осы екі құрама арасында анықталады. Ал Румынияда 4, Словенияда 1 ұпай бар.
Естеріңізге сала кетелік, әлем чемпионатының финалдық кезеңі 2020 жылдың 12 қыркүйек - 4 қазан аралығында Литвада өтеді. Онда барлығы 24 құрама сынға түседі. Әрбір топта жеңімпаз атанған төрт құрама турнирдің финалдық кезеңіне тікелей жолдама алады. Ал өз тобында екінші орын алған төрт құрама қосымша екі жолдаманы сарапқа салады.