Футзалдан әлем чемпионаты: Аргентина финалға шыққан алғашқы құрама атанды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футзалдан әлем чемпионатының финалына шыққан алғашқы құрама анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жартылай финалдағы алғашқы жұпта Бразилия мен Аргентина шеберлік байқасты.

Екеуі де футзал әлемінде беделі жоғары құрамалар. Сондықтан жанкүйерлер аталған кездесуден тартысты ойын күтті. Кездесу барысы дәл солайша өрбіді.

Бірінші кезеңде аргентиналықтар сапынан Константино Вапораки 11, Кристиан Борруто 13-минуттарда мергендік танытты. Оған бразилиялық құрамадан Феррао 17-минутта бір голмен жауап қайырды.

Осылайша Аргентина қарсыласын 2:1 есебімен тізе бүктіріп, финалға жолдама алды. Оған 30 қыркүйекте өтетін жартылай финалдағы Қазақстан мен Португалия жұбының жеңімпазы қарсылас атанады.

Айта кетейік, Аргентина 2016 жылы әлем чемпионы атағын жеңіп алған болатын. Ал Бразилия 5 мәрте алтыннан алқа тақты.

Сондай-ақ, мұндай атаққа Испания екі мәрте ие болды.

Қазақстан құрамасы бұдан бұрын әлем чемпионатының финалдық сатысында екі мәрте бақ сынаған еді. 2000 жылы бірінші кезеңнен аса алмаса, 2016 жылы 1/8 финалға дейін жетті.

Әлем чемпионатының финалы 3 қазанға белгіленген.