НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футзалдан әлем чемпионатының финалдық сатысы топтық кезеңіндегі екінші ойынында Қазақстан құрамасы Литвамен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Литва құрамасы бұған дейін әлем чемпионаты финалдық сатысында бақ сынап көрген емес. Биыл дүбірлі доданы өткізетін ел ретінде үздіктер қатарына қосылды.
Аталған ойын елорда уақытымен 23:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Қазақстандық футзалшылар А тобында сынға түседі. Қарсыластары - Литва, Венесуэла, Коста-Рика.
Алғашқы кездесуінде қазақстандық футзалшылар Коста-Рикадан 6:1 есебімен басым түсті.
Ал Литва Венесуэлаға 1:2 есебімен жол берді.
Қазақстандықтар бұдан кейін үшінші турда 18 қыркүйекте Венесуэламен шеберлік байқасады.
Әлем чемпионатында барлығы 24 құрама бақ сынайды. Финал 3 қазанға белгіленген.
Қазақстан құрамасы бұдан бұрын әлем чемпионаты финалдық сатысында екі мәрте бақ сынады.
2000 жылы бірінші кезеңнен аса алмаса, 2016 жылы 1/8 финалға дейін жетті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.