АСТАНА. ҚазАқпарат - Футзалдан 2024 жылғы әлем чемпионаты элиталық іріктеу кезеңінің ойын кестесі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан құрамасы А тобында сынға түседі. Қарсыластары - Румыния, Әзербайжан және Нидерланд құрамалары.
Қазақстандық футзалшылар алғашқы ойынын 15 қыркүйекте сырт алаңда Нидерландқа қарсы өткізеді. Одан кейін 20 қыркүйекте өз алаңында Румынияны қабылдаса, 6 қазанда сырт алаңда Әзербайжанмен шеберлік байқасады.
Ал 11 қазан мен 14 желтоқсанда өз алаңында Әзербайжан және Нидерланд құрамаларымен кездесе, 20 желтоқсанда Румынияға барады.
Айта кетсек, ел құрамасы әлем чемпионатының финалдық сатысында 2000, 2016, 2021 жылдарда сынға түсті. Олар 2021 жылы 4-орынға табан тіреді.
2024 жылғы қыркүйек-қазан аралығында әлем чемпионаты Өзбекстанда өткізіледі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.