АСТАНА. ҚазАқпарат – Футзалдан 2024 жылғы әлем чемпионаты элиталық іріктеу кезеңінің жеребесі тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан футзал қауымдастығынан мәлім еткеніндей, қазақстандықтар А тобында Румыния, Әзербайжан және Нидерланд құрамаларымен бәсекеге түседі.
Топ жеңімпазы 2024 жылғы әлем чемпионатына тікелей жолдама алады. Екінші орын алған команда плей-офф кезеңінде бақ сынайды.
Элиталық кезеңнің ойындары биылғы 11-20 қыркүйек, 2-11 қазан және 11-20 желтоқсан аралығында өтеді.
Айта кетейік, Қазақстан футзал құрамасы 2021 жылғы әлем чемпионатында төртінші орынға табан тіреген болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).