Футзалдан Чемпиондар лигасы: «Қайрат» алдағы ойындарға қатысатын құрамын жариялады
Қазақстандық «Қайрат» футзал клубы Чемпиондар лигасы негізгі сатысындағы ойындарына қатысатын құрамын жариялады, деп хабарлайды Kazinform.
Команданың бас бапкері қызметін атқаратын испаниялық маман Марлон Веласко оған қатысатын ойыншылардың есімін атады.
Олардың қатарында қақпашылар Деннис, Игита, Нарун Серіков, ойыншылар Эдсон, Жахангир Рашит, Денер, Альберт Ақбалықов, Педро, Диего, Дәурен Тұрсағұлов, Дуглас Жуниор, Біржан Оразов, Дамир Қайырбай, Кайо Руиз, Игор Шушу, Алекс Виана Алиссон бар.
Қазақстандық команда үшінші топта сынға түседі.
Қарсыластары — «Мальорка Пальма» (Испания), «Халадаш» (Венгрия), «Дифферданж 03» (Люксембург).
Бұл топтағы ойындар 26-29 қазан аралығында Пальма де Мальорке қаласында болады.
Сондай-ақ, елімізідң атынан рудныйлық «Аят» бірінші топта бақ сынайды.
Қарсыластары — Португалияның «Спортинг», Хорватияның «Олмиссум» және Украинаның «Хит» командалары.
Ойындар «Олмиссумның» алаңында биылғы жылдың 25-29 қазан аралығында өткізіледі.
Әр топтан алғашқы үш орындағы командалар элиталық сатысына жолдама алады.
Элиталық сатысының ойындары биылғы жылдың 28 қараша мен 3 желтоқсаны аралығында өткізіледі.