Футзалдан Чемпиондар лигасы: «Қайрат» бірінші ойынын жеңді

Фото: Фото: ашық дереккөзден

Футзалдан қазақстандық «Қайрат» клубы Чемпиондар лигасының негізгі сатысында алғашқы ойынын бүгін Люксембургтің «Дифферданж» командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды Kazinform.

«Қайрат» үшінші топта Испанияның «Пальма», Венгрияның «Халадаш» және Люксембургтің «Дифферданж» командаларымен кездеседі.

Алматылық клуб «Дифферданжбен» бүгінгі матчта алғашқы минуттан шабуылға көңіл бөлді.

Ойынның 6-минутында олардың қатарынан Дәурен Тұрсағұлов есеп ашса, 10-минутта Деннис есепті үстемелей түсті.

Оған «Дифферданж» ойыншысы Рубен Рейс 11-минутта бір голмен жауап қайырды.

13-минутта алматылық клуб сапынан Невес де Лима өз командасының басымдығын арттырды.

Екінші кезеңде люксембургтік футзалшылар есеп айырмасын қысқарта алды. Алайда, Невес де Лима 39-минутта қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша «Қайрат» қарсыласынан 4:2 есебімен басым түсті.

Енді алматылық клуб 27 қарашада Венгрияның «Халадаш» командасымен кездеседі.

Еске салсақ, қазақстандық «Аят» Чемпиондар лигасындағы екінші ойынында Португалияның «Спортинг» командасынан жеңілді.

Әр топтан алғашқы үш орындағы командалар элиталы сатыға жолдама алады. Ол ойындар биылғы 28 қараша - 3 желтоқсан аралығында өтеді.