«Қайрат» футзал командасы Чемпиондар лигасы элиталық сатысындағы үшінші ойынын бүгін, 2 желтоқсанда Словакияның «Добовец» клубына қарсы өткізеді, деп хабарлайды Kazіnform.
Қазақстандық команда Косовоның Приштина қаласында В тобында «Бенфика» (Португалия), «Добовец» (Словения) мен «Приштина» (Косово) командаларымен сынға түсііп жатыр.
«Қайрат» пен «Добовец» кездесуі елорда уақытымен 21:50-де «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Словениялық команда 1978 жылы құрылған. 1995 жылға дейін әуесқой ұжымдар арасында ойын көрсетті. Қазірге дейін өз елінде алты мәрте чемпион атанды.
Айта кетсек, қазақстандық ұжым қазірге дейін «Бенфикадан» 2:3 есебімен жеңілсе, «Приштинаны» 11:2 есебімен сүріндірді.
Қазақстандық команда Чемпиондар лигасында биыл 20 мәрте бақ сынап, Еуропа құрлығындағы командалар арасында абсолютті рекордты тіркеді.
Сондай-ақ, алматылық клуб 2012/2013, 2014/2015 жылдарда аталған турнирде жеңімпаз атанған еді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.