Футзалдан Чемпиондар лигасы: «Қайрат» пен «Аят» алғашқы ойындарын өткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық «Қайрат» пен «Аят» командалары футзалдан UEFA Чемпиондар лигасының негізгі сатысындағы алғашқы ойындарын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматының «Қайраты» өз алаңында бельгиялық «Халле-Гооик» клубымен тең түсті.Кездесу барысында алаң иелерінен Руис Лавратти мен Дәурен Тұрсағұлов гол соқты. Оған бельгиялық клубтан Франко Елович пен Диого екі голмен жауап қайырды.

Сондай-ақ 2-топта рудныйлық «Аят» Хорватияның «Ново Време» клубымен 2:2 есебіне қанағат білдірді.

Алматылық «Қайрат» 1-топта енді 27 қазанда испаниялық «Мальорка», 29 қазанда франциялық «Спортинг Париж» командаларымен шеберлік байқасады.

Ойын барысында рудныйлық командадан 27-минутта Антон Рындин «Аятты» алға шығарды. Ал 30-минутта Тони Елавич таразы басын теңестірсе, 32-минутта Леандро қазақстандық клубтың басымдығын тағы арттырды. 36-минутта «Аят» ойыншысы Азат Валиуллин өз қақпасына гол соғып алды.

Рудныйлық «Аят» 2-топта енді 27 қазанда португалиялық «Спортинг», 29 қазанда Хорватияның «Пула» командаларымен шеберлік байқасады.

Негізгі кезең матчтары 25-30 қазан аралығында өтеді. Элиталық кезеңге әр топтан үздік үш команда қатысады. Бұл кезеңнің кездесулері 22-27 қарашаға жоспарланған.





Фото: instagram.com/afckairat