НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футзалдан UEFA Чемпиондар лигасы 1/8 финалындағы «Қайрат» және «Ақтөбе» командаларының қатысуымен өтетін екі ойын «Qazsport» телеарнасынан көрсетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Естеріңізге сала кетелік, қазақстандық клуб аталған турнирдің 1/8 финалынан сүрінбей өтті. «Қайрат» Беларусьтің «ВитЭн» командасын 5:3 есебімен тізе бүктірді. Ал «Ақтөбе» Грекияның АЕК клубын 5:2 есебімен сүріндірді.
Енді қазақстандық клубтар 1/8 финалдағы ойындарды Алматы қаласындағы «Нұр-Аман» спорт кешенінде өткізеді. 18 ақпанда сағат 16.00-де «Ақтөбе» Словенияның «Добовец» клубын қабылдаса, 20 ақпанда сағат 18.00-де «Қайрат» Румынияның «Юнайтед Галац» командасымен шеберлік байқасады.
«Қайрат» аталған турнирде 2012/2013, 2014/2015 жылдарда жеңімпаз атанған еді. Ол уақытта турнир UEFA кубогы деп аталатын. Ал «Ақтөбе» әзірге мұндай табысқа қол жеткізе қойған жоқ.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.