Футзалдан ЕЧ: Португалия алғашқы болып финалға шықты

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Словенияда футзалдан өтіп жатқан Еуропа чемпионатында Португалия құрамасы алғашқы болып финалға шықты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Жартылай финалда португалиялықтар Ресей құрамасымен күш сынасты. 4-минутта Эдер Лима мергендік танытып, ресейліктерді алға шығарды. Жалпы, көпке дейін ресейліктер ширақтық танытып, ойын тізгінін ұстай білді. Алайда 31-інші және 36-минутта Андре Коэлью қос голдың авторы атанды. Матч соңына таман ресейліктер қақпашысын ойыншыға ауыстырып, алға ұмтылды. Міне, дәл осы сәтте Бруно Коэлью бос қалған қақпаны дәл көздеді. Іле-шала Эдер Лима есепті қысқартқанымен, одан әрі таразы басын теңестіруге ресейліктер үлгермеді.

Екінші тайм барысында португалиялықтар бес мәрте ойын тәртібін бұзды. Бұдан кейін 10 метрлік айып добы белгіленетін еді. Әйтсе де төрешілер ресейліктерге мұндай мүмкіндікті бере қойған жоқ. Бұған ресейлік ойыншылар мен бапкерлер наразылық танытып жатты.

Осылайша, 3:2 есебімен ұтқан португалиялықтар финалға жолдама алды. Енді олар 10 ақпан күні Испания немесе Қазақстанның қай жеңгенімен кездеседі. Ал Ресей құрамасы екінші жартылай финалда ұтылған командамен қола жүлде үшін таласады.