Футзалдан ел біріншілігінде «Қайрат» командасы «Ақтөбені» 8:1 есебімен жеңді

Фото: «Қайрат» футзал клубы

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін футзалдан Қазақстан біріншілігінде VII тур ойындары өтті.

Биылғы біріншілікті сәтсіз бастаған алматылық «Қайрат» өз алаңында «Ақтөбемен» шеберлік байқасты. Қарсыласы осал болған жоқ. Ақтөбелік команда алты турда бірде-бір ұпай жоғалтпаған. Алайда Алматыда өткен ойында «ақ-қызылдар» бірінші рет жеңілді. 

Кездесу барысында алматылық клуб сенімді ойын өрнегін көрсетті. Нәтижесінде қарсыласынан 8:1 есебімен басым түсті. 

Көш басында келе жатқан Абай облысының «Семейі» өз алаңында «Атырауды» қабылдады. Алты ойынның барлығында жеңіске жетткен семейлік футболшылар сол жеңісті жолын жалғастырды. Олар «Атырауды» 4:3 есебімен жеңді.

Қалған ойындардың нәтижесі

«Шымкент» – «Жетісу» (Талдықорған) 4:3

«Астана» – «Тұлпар» (Қарағанды) 4:3

«Каспий» (Ақтау) – «Аят» (Рудный) 3:4

Айта кетсек, футзалдан ел біріншілігінде биыл 12 команда бақ сынап жатыр.

Бұл турдағы «Қарағанды» – «Бәйтерек» (Орал) кездесуі 11 қазан күні болады. Сондай-ақ аталған ойын күнінде өзге командалар VIII тур ойындарын өткізеді. 

Бұған дейін футзалдан ел біріншілігінде «Қайрат» пен «Ақтөбе» командалары кездесетінін жазған едік.