Футзалдан ел біріншілігінде «Семей» жеңісті жолын жалғастырды

Фото: «Семей» футзал клубы

АСТАНА. KAZINFORM — Футзалдан Қазақстан біріншілігінің V туры мәресіне жетті. Көш басында келе жатқан «Семей» бұл турда да жеңісті жолын жалғастырып, өз алаңында «Қарағанды» командасын 7:0 есебімен жеңді. Олар 4 қазанда аталған қарсыласын 3:1 есебімен сүріндірген еді.

Семейлік клуб биылғы біріншілікті сәтті бастады. Қазірге дейін алты турда бірде-бір мәрте жеңілістің ащы дәмін татқан жоқ. Турнир кестесінде 18 ұпаймен «Ақтөбемен» бірге бірінші және екінші орынды өзара бөлісіп тұр. 

Ал алматылық «Қайрат» сырт алаңда «Атырауды» 7:2, есебімен жеңсе, бір күн бұрын 2:2 есебімен тең түскен еді.

Сондай-ақ аталған турда қарағандылық «Тұлпар» «Шымкентті» 7:3, 6:1, «Ақтөбе» ақтаулық «Каспийді» 6:1, 5:3 есебімен тізе бүктірді. 

Ал Қостанай облысының «Аяты» елордалық «Астанамен» 2:2 есебімен тең ойнап, тағы бір ойында 4:2 есебімен басым түсті.

Сондай-ақ талдықорғандық «Жетісу» Оралдың «Байтерек» клубын 3:1 есебімен жеңіп, тағы бір кездесуде 0:9 есебімен есе жіберді. 

Айта кетсек, футзалдан ел біріншілігінде биыл 12 команда бақ сынап жатыр.
Енді алдағы тур ойындары 10-11 қазан күндері өткізіледі.