НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футзалдан 2022 жылғы Еуропа чемпионатында финалға шыққан алғашқы құрама анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мұндай мүмкіндікке Ресей құрамасы ие болды. Олар бүгін Украинаны 3:2 есебімен жеңді. Осылайша өз тарихында жетінші мәрте финалға жолдама алып отыр.
Еске салсақ, Украина ширек финалда Қазақстан құрамасынан 5:3 есебімен басым түскен еді.
Жарыстың аталған сатысында Ресей Грузияны 3:1 есебімен тізе бүктірді.
Енді тағы бір жартылай финалда Испания мен Португалия құрамалары шеберлік байқасады. Кездесу елорда уақытымен 00.50-де басталып, Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
6 ақпанда финал және 3-орын үшін ойындар болады.
Еуропа чемпионаты 1996 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Бүгінге дейін Испания - 7, Италия - 2, Ресей мен Португалия 1 мәрте чемпион атанды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.