Футзалдан Еуропа чемпионаты: Қазақстан құрамасы алғашқы кездесуінде ресейліктерге есе жіберді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сербияның Белград қаласында футзалдан Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы алғашқы кездесуін ресейліктермен өткізіп, бір ғана доп айырмасымен (1:2) есе жіберді.

Әлемдік рейтингте үшінші сатыда тұрған Ресей дүние жүзіндегі мықты командалардың бірі болса, небәрі 15-інші орындағы қазақстандықтар Еуропа біріншілігіне тұңғыш рет қатысуда.

Алма-кезек шабуылмен өрбіген матчтың бірінші кезеңінің орта тұсында алаңға шыққан ресейлік Дмитрий Лысковтың екі мәрте дәл пасынан кейін Ромуло Қазақстан құрамасының есін жиғызбастан, есепті бір-ақ минуттың ішінде 2:0-ге жеткізді. Бұдан соң қазақстандықтардың бас бапкері Какау тайм-аут алып, шәкірттеріне дер кезінде ақыл-кеңесін берді. Осыдан кейін қақпашы Игита да алға шығып, оның қатты соққысынан кейін 13-минутта Қазақстан құрамасының ойыншысы Серік Жаманқұлов есепті қысқартты. Бұл - қазақстандықтардың Еуропа чемпионатында соққан алғашқы голы.

Екінші таймда қарсыластардың бірнеше мәрте гол соғатын мүмкіндіктері болғанымен, есеп өзгерген жоқ.

C тобында өнер көрсететін қазақстандықтар келесі ойынын 5 ақпан күні әлемдік рейтингте өзінен кейін 16-орында келе жатқан Хорватия командасымен өткізеді. Әр топта үш команда болса, соның екеуі 13 ақпанға дейін созылатын жарысты жалғастырады. Сондықтан Қазақстан құрамасына Хорватияны қалайда жеңу қажет.