НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футзалдан 2022 жылғы Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы ширек финалдағы ойынын Украинаға қарсы өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесу Нидерланды астанасы Амстердам қаласындағы стадионында өткізіледі. Кездесу елорда уақытымен 01.00-де басталып, Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Аталған ойында топтық кезеңдегі алған сары қағазына байланысты Эдсон мен Тайнан алаңға шықпайды. Сондай-ақ, жарақатына байланысты Азат Валиуллин кездесуден тыс қалып отыр.
Еске салсақ, В тобында сынға түскен Қазақстан құрамасы 7 ұпаймен бірінші орын алды. Алғашқы ойында Словениямен (4:4) тең түсіп, одан кейін Финляндияны (6:2) және Италияны 4:1 есебімен тізе бүктірді.
Украина А тобында үш ұпаймен екінші орын алды. Украиналық футзалшылар Сербиядан 6:1 есебімен басым түсіп, Нидерланды (2:3) мен Португалияға (0:1) жол берді.
Жеңіске жеткен жағдайда Қазақстан құрамасы жартылай финалда Ресей мен Грузия жұбының жеңімпазымен кездеседі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.