НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футзалдан 2022 жылғы Еуропа чемпионатында жартылай финалға шыққан құрамалар толықтай анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Енді жартылай финалда Португалия мен Испания, Ресей мен Украина шеберлік байқасады. 1 ақпанда Ресей Грузияны 3:1, Испания Словакияны 5:1 есебімен тізе бүктірді.
Одан бұрын 31 қаңтарда Украина Қазақстаннан 5:3, Португалия Финляндиядан 3:2 есебімен басым түскен еді.
Жартылай финал ойындары 4 ақпанға белгіленген. Ал 6 ақпанда финал және 3-орын үшін ойындар болады. Еуропа чемпионаты 1996 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгінге дейін Испания - 7, Италия - 2, Ресей мен Португалия 1 мәрте чемпион атанды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.