Футзалдан Еуропа чемпионатына дайындық басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушысы Жозе Алесио Да Силва 2018 жылы Словенияда өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіне қатысатын жігіттердің тізімін жариялады.

Бразилиялық жаттықтырушының тізіміне 16 футболшы енген. Іріктеу кезеңі басталғанша Алесио мырза екі футболшымен қоштасуға мәжбүр. Ереже бойынша іріктеу кезеңіне 14 ойыншы қатысу керек. Іріктеу кезеңіне жалпы саны 28 команда қатысады, деп жазады dodasport.kz.

Қазақстан ұлттық құрамасы 6-топта Чехия, Македония және Дания құрамаларымен Алматыда сынға түседі. Әр топтан жеңіске жеткен құрама бірден Еуропа чемпионатының негізгі кезеңіне жолдама алады.

Іріктеу кезеңіне қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасы:

Қақпашылар: Григорий Шамро («Ақтөбе»), Игита («Қайрат»);

Алаңдағы ойыншылар: Дінмұхамбет Сүлейменов, Серік Жаманқұлов, Шыңғыс Есенаманов, Михаил Першин, Дуглас (бәрі - «Қайрат»), Антон Рындин, Ерсұлтан Сағындықов (екеуі де - «Аят»), Альберт Ақбалықов, Қайрат Иманалин (екеуі де - «Ақтөбе»), Арнольд Кнауб, Дәурен Тұрсағұлов, Александр Довгань, Біржан Оразов (бәрі - «Жетісу»), Лео («Спортинг», Португалия)

Қазақстан 2016 жылғы Еуропа чемпионатының негізгі кезеңіне қосымша матч арқылы шыққан болатын. Онда Босния және Герцеговина құрамасын жеңіп, Сербиядағы жарыстың негізгі кезеңіне жолдама алды.

Еске сала кетсек, Қазақстан ұлттық құрамасы алғаш рет Еуропа чемпионатының негізгі кезеңіне 2016 жылы қатысты.

Қазақстандықтар 2016 жылғы Еуропа чемпионатында қола жүлдені еншіледі. Ал Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі Алматыда алғаш рет өткізіледі.

Қазақстан ұлттық құрамасы іріктеу кезеңінде фаворит команда болады. Екінші орын алған жеті құрама мен үшінші орын алған ең үздік үш команда бірігіп қосымша матчтар өткізеді.

Еуропа чемпионатының негізгі кезеңіне 12 команда қатысады.

2018 жылғы Словениядағы Еуропа чемпионаты 30 қаңтар - 10 ақпан аралығында Люблян қаласында болады.

Естеріңізге сала кетейік, Алматыдағы іріктеу кезеңі 8-11 сәуір күндері «Алматы Аренада» өтеді.