Футзалдан Қазақстан чемпионаты: «Семей» плей-офф сериясын жеңіспен бастады
АСТАНА. KAZINFORM - Футзалдан Қазақстан чемпионатының финалдық плей-офф сериясының алғашқы ойынында «Семей» командасы «Қайраттан» басым түсті.
Бірінші кездесу тағдырын жалғыз гол шешті. Осылайша семейлік клуб қарсыласын 1:0 есебімен жеңіп, плей-офф сериясында басымдығын арттырды.
Енді тағы бір ойын 24 маусымда Семей қаласында өткізілсе, үшінші кездесу 28 маусымда Алматыға белгіленген. Қажет болған жағдайда 29 маусым Алматыда тағы бір ойын өтсе, бесінші кездесу 5 шілдеде Семейде болуы мүмкін.
Финалда жеңімпаз үш жеңіс бойынша анықталады.
Футзалдан ел біріншілігі 1998 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазірге дейін алматылық «Қайрат» 20 мәрте жеңіс тұғырына көтерілді.
Айта кетсек, алматылық ұжым 2004 жылдан бері бас жүлдені ешкімге ұстатпай келе жатқан еді. Былтыр алғаш рет күміс жүлдені қанағат тұтуға мәжбүр болды.
2024 жылы алғаш рет «Семей» командасы чемпиондық атақты жеңіп алды.