Футзалдан Қазақстан чемпионатында «Семей» «Қайратқа» есе жіберді
АСТАНА. KAZINFORM — Футзалдан Қазақстан чемпионатының финалдық плей-офф сериясының екінші ойынында «Семей» «Қайратқа» есе жіберді.
Кездесу барысында алматылық клубтан Эдсон Сантос 1, Дэннис Кавальканте 12, Дәурен Тұрсағұлов 16, Жахангир Рашит 19, Жулио Занотто 34-минутта гол соқса, оған семейлік клубтан Габриэль Кандидо 31,35, Шыңғыс Есенаманов 29-минутта үш голмен жауап қайырды.
Осылайша алматылық клуб қарсыласынан 5:3 есебімен жеңіп, плей-офф сериясында таразы басын теңестірді.
Айта кетсек, аталған серияда алғашқы ойында семейлік клуб қарсыласын 1:0 есебімен жеңіп кеткен еді.
Енді үшінші кездесу 28 маусымда Алматыға белгіленген. Қажет болған жағдайда 29 маусым Алматыда тағы бір ойын өтсе, бесінші кездесу 5 шілдеде Семейде болуы мүмкін.
Финалда жеңімпаз үш жеңіс бойынша анықталады.
Айта кетсек, алматылық ұжым 2004 жылдан бері бас жүлдені ешкімге ұстатпай келе жатқан еді. Былтыр алғаш рет күміс жүлдені қанағат тұтуға мәжбүр болды.
2024 жылы алғаш рет «Семей» командасы чемпиондық атақты жеңіп алды.