НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футзалдан Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан футбол федеарциясына сілтеме жасап.
Бұл шешім федерацияның атқарушы комитетінің отырысында қабылданды. Елімізде санитариялық-эпидемиологиялық карантин шаралары жалғасады. Сондықтан жабық спорт нысандарында жарыс ұйымдастыруға тыйым салынған.
Енді футзалдан UEFA Чемпиондар лигасына Алматының «Қайрат» және Ақтөбенің «Ақтөбе» командалары қатысады.
Ресми қабылданған шешімге сәйкес, чемпионат 2020 жылдың 12 наурызындағы турнирлік кестемен аяқталды. Сол уақытта «Қайрат» 44 ұпаймен көш басында келе жатқан болатын. Одан кейінгі орындағы «Ақтөбенің» 36 ұпайы бар еді.
Биыл чемпионатқа барлығы 8 команда қатысты. Олардың қатарында «Қайрат» пен «Ақтөбеден» өзге Рудныйдың «Аят», Талдықорғанның «Жетісу», Атыраудың «Атырау», Көкшетаудың «Оқжетпес», Ақтаудың «Каспий» және Батыс Қазақстан облысының «Бәйтерек» клубтары бар.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.