НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футзалдан Қазақстан чемпионатының екінші айналымы қайда өтетіні белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жөнінде Қазақстанның футбол федерациясы мәлім етті.
Екінші айналымның сегіз ойыны Қостанай облысының Рудный қаласында өткізіледі. Ойындар 18 қараша және 1 желтоқсан аралығында болады.
Үшінші және төртінші айналымның күнтізбесі кейін анықталады. Сондай-ақ, плей-офф кезеңінің де ойындары қосымша хабарланады.
Биыл футзалдан Қазақстан чемпионатында тоғыз команда бақ сынап жатыр. Алғашқы айналымнан кейін 20 ұпай жинаған «Атырау» командасы көш бастап тұр. Одан кейінгі орындардағы «Қайраттың» 19, «Ақтөбенің» 17 ұпайы бар.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.