Футзалдан Қазақстан кубогы мәресіне жетіп, алматылық «Қайрат» аталған турнирдің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Kazinform.
Түркістан қаласында Қазақстан кубогынында «Төртеудің финалы» ұйымдастырылды. Турнирде бас жүлдені алматылық «Қайрат» пен «Семей» командалары сарапқа салды.
Кездесу барысында алматылық команда қарсыласынан 5:3 есебімен басым түсті. «Қайрат» командасының сапынан Денер хет-трик авторы атанса, Дәурен Тұрсағұлов пен Эдсон бір-бірден мергендік танытты. Алматылық клуб екі голын соңғы минуттарда соқты. Осылайша «Қайрат» өз тарихында он тоғызыншы мәрте кубокты төбесіне көтерді.
Ал «Семей» сапынан Дедезиньо екі голды еншісіне жазса, Гильерме Тейшейра бір мәрте көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Үшінші орын үшін сайыста «Ақтөбе» шымкенттік «Ордабасыны» 6:1 есебімен жеңді.
Еске салсақ, бұдан бұрын футзалдан Қазақстан құрамасының UEFA рейтингісіндегі орны белгілі болды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.