Ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиыны 10 қазанда Астанада басталады. Алғашқы ойын 20 қазан күні Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында Беларуське қарсы өтеді.
Қазақстан құрамасының тізімі
Қақпашылар: Игита, Талгат Өтепбергенов, Нарун Серіков.
Алаңдағы ойыншылар: Біржан Оразов, Жахангир Рашит, Арнольд Кнауб, Нұрсұлтан Пиялы, Дуглас, Эдсон, Ержан Карменов, Нұрқанат Бактияров, Александр Дерябин, Ринат Төреғазин, Альберт Акбалықов, Азат Валиуллин, Дәурен Тұрсағұлов.
Айта кетсек, іріктеудің негізгі кезеңінде 36 ұлттық құрама бақ сынайды. Олар үш құрамадан 12 топқа бөлінді. Матчтар үйде және сырт алаңда өтеді.
Жеребе қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 6-топқа түсіп, Беларусь және Албания құрамаларымен кездеседі.
Негізгі раунд матчтары 2026 жылғы 12-21 қазан, 2-11 қараша, 6-9 желтоқсан аралығында және 2027 жылғы 22 ақпан мен 3 наурыз аралығында өтеді.
Негізгі кезеңнің қорытындысы бойынша барлық 12 топтың жеңімпазы мен екінші орын алған үздік төрт құрама элиталық раундқа тікелей жолдама алады. Ал екінші орын иеленген қалған сегіз команда плей-офф кезеңінде әлем чемпионатының келесі сатысына шығу үшін күресін жалғастырады.
Қазірге дейін футзалдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионаты финалдық кезеңіне төрт мәрте қатысты. Әзірге ең жоғары жетістігі — 2021 жылғы төртінші орын.