АСТАНА. KAZINFORM - FIFA жариялаған футзал құрамаларының рейтингінің жаңартылған нұсқасында Қазақстан ұлттық құрамасы жетінші орынға тұрақтады. Ол бұрынғы орнынан екі сатыға төмендеді.
Жаңартылған рейтингте Бразилия құрамасы көш бастап тұрса, одан кейінгі орындарда Португалия, Испания, Иран, Аргентина келеді.
Айта кетсек, ел құрамасы 2026 жылғы Еуропа чемпионатында өз тобында екінші орынды місе тұтты.
Олар іріктеу кезеңінде алты ойын өткізді. Алдымен Албанияны 2:0 есебімен жеңсе, одан кейін Армениямен 4:4 есебімен тең ойнады.
Үшінші кездесуінде Даниядан 2:3 есебімен жеңіліп қалса, өз алаңында аталған қарсыласын 7:3 есебімен тізе бүктірген еді. Бесінші ойында Албаниядан 4:2 есебімен басым түссе, дәл сондай есеппен сырт алаңда Арменияға есе жіберді.
Осылайша құрлықтық додаға тікелей шығу мүмкіндігін жоғалтып алды. Бұл топта 16 ұпаймен бірінші орынға Армения құрамасы табан тіреді.
Енді қазақстандық футзалшылар екінші орын алған құрамалар плей-офф кезеңіне қатысады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.