Алғашқы минуттан құрамалар бірден шабуылға шықты. Нәтижесінде әзербайжан футзалшылары бірден екі гол соғып кетті. Ол 4 және 8-минутта Амадеу мен Кардозоның еншісіне жазылды.
Ал қазақстандық құрамадан Лео – 13, Біржан Оразов 18-минутта екі гол соғып, таразы басын теңестірді.
Ал 22-минутта ел құрамасынан Джуниор Дуглас мергендік танытып, команданы алға шығарды.
Осылайша Қазақстан қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсіп, қатарынан төртінші жеңісіне қол жеткізді.
Айта кетейік, аталған топта 10 қыркүйекте Румыния мен Нидерланд құрамалары 1:1 есебімен тең түсті.
Төрт турдан кейін қазақстандық футзалшылар 12 ұпаймен көш басында тұр.
Ел құрамасы А тобында сынға түсіп жатыр. Қарсыластары – Румыния, Әзербайжан және Нидерланд. Қазақстандықтар бұдан бұрын Румынияны 4:3, Нидерландты 2:0 есебімен жеңген еді. Сондай-ақ сырт алаңда Әзербайжанды 4:2 есебімен тізе бүктірді.
Енді ҚР футзалшылары 14 желтоқсанда өз алаңында Нидерландпен кездессе, 20 желтоқсанда Румынияға барады.
2024 жылғы әлем чемпионаты Өзбекстанда өтеді.