Футзалдан Қазақстан құрамасы жолдастық кездесуде Өзбекстанға есе жіберді
АСТАНА. KAZINFORM - Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының жолдастық кездесуде Өзбекстанға есе жіберді.
Кездесу барысында ел құрамасынан Арнольд Кнауб (5, 20, 40-минутарда) хет-триктің авторы атанса, Рашит Жахангир (2-минут) және Эдсон (38-минут) бір-бірден гол соқты.
Оған өзбекстандық футзалшылар алты голмен жауап қайырды.
Осылайша ел құрамасы қарсыласына 5:6 есебімен есе жіберді.
Бас бапкер Пауло Рикардо Кака сәуірдегі оқу-жаттығу жиынына тек Қазақстан чемпионатында өнер көрсететін ойыншыларды шақырды. Ал Біржан Оразов, Дәурен Тұрсағұлов және Дуглас жарақаттарына байланысты жиынға қатысқан жоқ.
Айта кетсек, екі құрама арасындағы 7 сәуірдегі тағы бір жолдастық кездесуде 2:2 есебі тіркелді.
Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының финалдық сатысында 2000, 2016, 2021 жылдарда сынға түсіп, 2021 жылы 4-орынға табан тіреді.
Ел құрамасы әлем чемпионаты іріктеу сатысында А тобында Румыния, Әзербайжан және Нидерландпен ойнап, бірде-бір кездесуде ұпай жоғалтқан жоқ. Нәтижесінде олар биыл 14 қыркүйек пен 6 қазан аралығында Өзбекстанда болатын дүбірлі додаға жолдама алды.
Ал өзбекстандық футзалшылар әлем чемпионаты финалдық сатысына 2016, 2021 жылдарда екі мәрте қатысып, 2021 жылы 1/8 финалға дейін жетті.
Еске салсақ, 4 сәуірде ел құрамасы жолдастық кездесуде Қырғызстанды 3:2 есебімен жеңді.