Футзалдан Қазақстан құрамасынан алдағы екі матчта алаңға кімдер шығады

Фото: Kazinform

Футзалдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Рикардо Кака 2024 жылғы әлем чемпионатына іріктеу сатысының алдағы екі кездесуіне қатысатын ойыншылар тізімін жариялады, деп хабарлайды Kazinform.

Ел құрамасы 14 желтоқсанда Астанада Нидерланд құрамасын қабылдаса, 20 қарашада сырт алаңда Румыниямен шеберлік байқасады.

ҚР футзалшылары А тобында сынға түсіп жатыр. Қарсыластары – Румыния, Әзербайжан және Нидерланд.

Қазақстандықтар бұдан бұрын Румынияны – 4:3, Нидерландты 2:0 есебімен жеңген еді. Сондай-ақ екі мәрте Әзербайжанды 4:2, 3:2 есебімен тізе бүктірді.

Төрт турдан кейін 12 ұпай жинаған Қазақстан құрамасы көш басында келеді. Одан кейінгі орындағы Румынияның – 7, Әзербайжанның – 3, Нидерландтың 1 ұпайы бар.

Ұлттық құрама сапындағы 18 ойыншының тізімі төмендегіше:

Қақпашылар: Леонардо де Мело Виейра Лейте (Игита), Нарун Серіков, Қанат Жеткірбаев;

Алаңдағы ойыншылар: Тайнан да Силва Рего (Тайнан), Эдсон Гомес дос Сантос (Эдсон), Леонардо Мендонка да Роса (Лео), Азат Валиуллин, Альберт Ақбалықов, Шыңғыс Есенаманов, Дамир Қайырбай, Арнольд Кнауб, Әбдірасул Әбдіманапұлы, Дәурен Тұрсағұлов, Нұрболат Батырханов, Ақжол Дәрібай, Асхат Көлбаев, Дуглас Жуниор, Біржан Оразов;

Оқу-жаттығу жиыны 10 желтоқсанда Астана қаласында басталады.

2024 жылғы әлем чемпионаты Өзбекстанда өтеді.

Айта кетсек, екінші іріктеу сатысында қазақстандық футзалшылар Черногория (7:0, 5:1) мен Словенияны (2:0, 3:3) артта қалдырып, өз тобында бірінші орын алды.

Ел құрамасы әлем чемпионатының финалдық сатысында 2000, 2016, 2021 жылдарда сынға түскен еді. Олар 2021 жылы 4-орынға табан тіреді.