НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футзалдан 2024 жылғы әлем чемпионаты негізгі сатысындағы Қазақстан құрамасының қатысуымен өтетін ойындар кестесі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еске салсақ, ұлттық құрама бесінші топқа түсті. Қарсыластары - Словения және Черногория.
Қазақстандық футзалшылар алғашқы ойынын өз алаңында биылғы жылдың 8 қазанында Словенияға қарсы өткізеді. Одан кейін 12 қазанда сырт алаңда Черногориямен шеберлік байқасады.
Ал Черногориямен өз алаңындағы ойыны 9 қарашаға белгіленсе, Словениямен тағы бір кездесу 2023 жылдың 8 наурызында болады.
Еске сала кетейік, негізгі іріктеу кезеңі 12 топтан тұрады. Әр топтың жеңімпаздары мен екінші орын алған төрт үздік команда тікелей элиталық кезеңге шығады.
Екінші орын иеленген қалған сегіз команда өтпелі ойындар арқылы тағы төрт жолдаманы сарапқа салады.
Футзалдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионаты элиталық сатысында 2000, 2016, 2021 жылдарда сынға түсті. Олар 2021 жылы төртінші орынға табан тіреді.
Фото: kff.kz
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.