ОРАЛ. KAZINFORM – Футзалдан Қазақстандағы жаңа маусым Орал қаласында өтетін суперкубок матчымен ресми түрде басталады.
БҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасынан мәлім еткеніндей, ел чемпионатының жеңімпазы – алматылық «Қайрат» пен Қазақстан кубогының иегері – «Семей» командалары арасында өтетін суперкубок ойыны 23 тамызда «Жайық арена» спорт кешенінде өтеді.
Бұл кездесудің ерекшелігі – футзал тарихында алғаш рет суперкубок бәсекесі Батыс Қазақстан облысында заманауи спорт кешенінде өткізілмек. Бұл аймақтағы футзалдың дамуына жаңа серпін беріп, жергілікті жанкүйерлер үшін айтулы оқиғаға айналатыны сөзсіз.
«Жайық арена» ашылғаннан бері биыл спорт кешенінде көптеген жарыс ұйымдастырылып келеді. Соның ішінде волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында плей-офф бәсекесі осында өтіп, Қазақстан чемпионы анықталған болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Қайраттың» Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).