Футзалдан Қазақстан U-19 құрамасының аға бапкері тағайындалды
АСТАНА.KAZINFORM - Қазақстандық маман Василий Смолин футзалдан Қазақстан 19 жасқа дейінгі спортшылар құрамасының аға бапкері болып тағайындалды.
Отандық футзалда мол тәжірибеге ие 35 жастағы бапкердің еңбек жолының негізгі бөлігі «Аят» (Рудный) клубымен тығыз байланысты. Оның жетекшілігімен команда футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасына шығып, Қазақстан чемпионатында күміс және қола жүлдесін жеңіп алған.
Сондай-ақ ол ұзақ жылдар бойы «Аяттың» балалар мен жасөспірімдер командаларымен жүйелі түрде жұмыс істеп, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Оның шәкірттері U-15, U-17 және U-19 жас санаттарында ел чемпионы атанды. 2017 жылы U-19 командасы бірінші орын алса, 2018 жылы U-12 құрамасы ел чемпионы болды. Ал 2019 және 2020 жылдары U-13 пен U-14 жас санаттары күміс жүлдеге қол жеткізіп, 2022 жылы осы нәтижені U-15 командасы қайталады.
Айта кетейік, 2025 жылы Василий Смолин футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бапкерлер штабында да қызмет атқарған.
Еске салсақ, 2027 жылы Қазақстанда 19 жасқа дейінгі құрамалар арасындағы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңі өтеді. Аталған турнирде Қазақстан U-19 құрамасы жарысқа қожайын ел ретінде қатысады.
Еске салсақ, футзалдан Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншысы жаңа қызметке тағайындалды.