Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы жолдастық кездесуде Қырғызстанды жеңді

Фото: Фото: kff_team_futsal/Instagram

АСТАНА. KAZINFORM - Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының жолдастық кездесуде Қырғызстаннан басым түсті.

Ұлттық құрама 4 сәуірде Тараз қаласында оқу-жаттығу жиыны аясында Қырғызстанмен кездесті.

Қырғызстандық футзалшылар әзірге әлем чемпионаты финалдық сатысында ойнай алған жоқ.

Ал Азия чемпионатында 14 мәрте бақ сынап, 2005 жылы қола жүлде алды.

Ойын барысында қырғызстандық футболшылар екі гол соғып кетті.

Оған Шыңғыс Есенаманов 11, Азат Валиуллин 39, Батырхан Кенжеғали 40-минутта үш голмен жауап берді.

Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласын 3:2 есебімен тізе бүктірді.

Фото: kff_team_futsal/Instagram

Енді қазақстандық футзалшылар 7 және 9 сәуір күндері Өзбекстанмен шеберлік байқасады. 

Айта кетсек, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының финалдық сатысында 2000, 2016, 2021 жылдарда сынға түсіп, 2021 жылы 4-орынға табан тіреді.

Ел құрамасы әлем чемпионаты іріктеу сатысында А тобында Румыния, Әзербайжан және Нидерландпен ойнап, бірде-бір кездесуде ұпай жоғалтқан жоқ.

Нәтижесінде олар биыл 14 қыркүйек пен 6 қазан аралығында Өзбекстанда болатын дүбірлі додаға жолдама алды.