Г.Әбдіқалықова: Бүгінгі Астана - Қазақстанның жүрегі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана барған сайын жаңа жетістіктерге қол соза отырып, жаһандық деңгейде өзінің жоғары мәртебесін нығайта түсті, деп атап өтті ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова өзінің ресми БАҚ-та жарияланған мақаласында.

«ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына ҚР Мемлекеттік хатшысының «Бүгінгі Астана - Қазақстанның жүрегі» мақаласын ұсынады.

Қазақстанның астанасы - жас, қарқынды дамып келе жатқан, 17 жылдың ішінде Елбасының қазіргі геосаяси және геоэкономикалық жағдайда мықты демократиялық мемлекет құру туралы идеясын жүзеге асырған қала.

Бұл ерек, таңғажайып аурасы бар мекен және барша қазақстандықтардың мақтанышы деп айтсақ артық емес. Бүгінде бұл жерде 1994 жылы Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев астананы көшіру жөніндегі тарихи шешім қабылдағанда бастау алған жасампаздық энергия шоғырланған.

Жекелей алғанда, астананы көшіру батыл ғана емес, бірінші кезекте стратегиялық қадам. Бүгінгі күні адамзат тарихында 25-тен астам ұқсас оқиғалар бар. Алайда, жаңа астананы басынан бастап жаңадан салу оқиғалары саусақпен санарлық. Осы қатарда адамзаттың жаңа жаһандық тарихында Елбасының идеясымен салынған сұлу Астанамыз ерекше орын алады.

Әрине, бұл оңай әрі асығыс қабылданған шешім емес, көптеген аспектілерді, өзгешеліктерді ескеру қажет болды. Астананың артықшылығы: орталықта орналасуы, аумағының кеңдігі, негізгі экономикалық орталықтар мен көлік магистраліне жақындығы, жақсы экологиялық жағдайы. Біраз отандастарымыз бұл шешімді қолдамады. Әдетте, ұлы идеялардың барлығы әуелде түсінбеушілікке ұшырайды. Алайда, біздің жағдайымызда қазақстандықтардың көпшілігі тағдырын Президентімізге сеніп тапсырып, ел тарихындағы өзгерістерді тілектестікпен қарсы алды.

Шынында, бүгін мұрағаттағы провинциалды Ақмоланың сарғайған суреттерін қарап отырып, қазіргі сауда, ойын-сауық орталықтары мен көп қабатты зәулім үйлердің, кең әрі жарық даңғылдардың орнында аз ғана уақыт бұрын сүйектен өтетін солтүстік желі соғып тұрған саяжай үйлері болғанын елестету қиын. Қазір қаланың бейнесі түбегейлі өзгерді және бізді үнемі таңқалдырып келеді. Жаңа бейнемен қоса, оның ішкі рухани әлемінде де өзгерістер болды. Осында тұратын әрбір тұрғын осыны сезінетіні сөзсіз. Мен үшін және тағдырын Астанамен байланыстырған көптеген қазақстандықтар үшін бұл жай ғана қала емес, бірінші кезекте үздік урбанистикалық идеялар мен заманауи инновацияларды бойына жинаған таңғажайып астана.

Бүгінгі күні астананы көшіру уақытылы әрі қажетті қадам болғаны, экономикалық реформалармен қатар еркін мемлекетіміз дамуды іске асырудағы маңызды стратегиялық ресурс екені айқын болып отыр. Астана - тәуелсіз Қазақстанның дамуының көрінісі, жарқын, терең ойдың іске асуының символына айналды.

Бүгінгі Астана - Қазақстанның жүрегі, оның айналасындағы жолдар оның болашақта Еуропа мен Азияны біріктіретін көлік хабына айналуына көмектесетін экономиканың күре тамыры. «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» халыққа жолдауында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Жолдар Қазақстанның өмір жолының сызықтары. Біздің ұлан-ғайыр даламызда жолдардың жан-жағында үнемі тіршілік дамып жатты. Біз Астанадан жан-жаққа автомобиль, теміржол және авиациялық магистральдар тарайтын көлік жүйесін құруымыз керек», - екенін ерекше атап өткен болатын.

Қазіргі таңда жаңа халықаралық әуежай мен теміржол вокзалының құрылысы басталды. Бұл жобалар заманауи сәулет өнерінің жарқын туындыларына айналмақ.

Ерекше атап өтерлік жайт, «Н. Назарбаевтың бес институционалды реформасын іске асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында Қазақстанды халықаралық көлік-коммуникациялық легіне интеграциялау қарастырылған. Бұл Еуропадан Азияға тікелей жүк тасымалын іске асыруға мүмкіндік беретін мультимодальды көлік дәлізін жасауды қамтиды.

Осы қадамдарды жүзеге асыру халықаралық серіктестермен кооперацияның жаңа деңгейіне көшуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде Астана Еуразияның іскерлік, мәдени және ғылыми орталығына айналады. Біз бұл жерде EXPO-2017 инфрақұрылымының базасында халықаралық қаржы орталығы құрылатынын білеміз.

Бүгінде Астана Қазақстанның әкімшілік орталығы ғана емес. Көз алдымызда оның рухани-мәдени әлеуетінің қарқынды арту процесі жүріп жатыр.

Былтыр Астана әлемнің 21 «ақылды» қаласының тізіміне енді. «Ақылды қала» - ең алдымен әрбір тұрғын өзін жеңіл, еркін сезінетін жайлы әрі қауіпсіз қала. Астана болашаққа сенімді қадам басып, Торонто, Сингапур, Нью-Йорк, Токио қатарлы әлем мойындаған интеллектуалды мегаполистердің қатарында болуға ұмтылуда.

Әуел бастан Президент Астананы ірі ғылыми-оқыту орталығы ретінде көріп, кәсіби мамандардың қуатты корпорациясын құру үшін көп күш салды.

Бүгінде Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ, Астана медициналық университеті, М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалы секілді Астананың жоғары оқу орындары өздерін заманауи интеллектуалды орталық екендіктерін анық көрсете білді.

Олардың ішінде Назарбаев университетінің алатын орын ерекше. Ашылғаннан бері бес жылдың ішінде университет Қазақстанның ғылыми-оқыту жүйесінің көшбасшысына айналды. Жақында алдыңғы қатарлы жаһандық талаптарға жауап беретін университеттің алғашқы түлектері оқу бітірді. Астана - Қазақстанның ірі оқу орындары Н. Назарбаев университетінен үлгі алатын мінсіздіктің белгісіне айналды.

Бүгінде Қазақстан Республикасы Елбасының «Мәңгілік Ел идеясымен» байланысты дамудың жаңа сатысында тұр. 2050 жылға дейінгі стратегияның басты мақсаты - әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру, оған бес халықтық реформаны іске асыруға бағытталған Н. Назарбаевтың «100 нақты қадам» жоспары арқылы қол жеткізетініміз анық.

Мен Қазақстанның, тәуелсіздік пен ұлттың символына айналған Астана осы тарихи кезеңнен лайықты дәрежеде өтіп, кезекті жеңісіне қол жеткізетініне сенімдімін!