Г.Әбдіқалықова: «Қазақстандық жол» - экономикалық және әлеуметтік ғажайыптың феномені

АСТАНА. ҚазАқпарат - Полиэтностық халықтың бірлігі - Қазақстан мемлекетінің тұғыры болып табылады. Бұл туралы бүгін Астанада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткізген дәрісінде Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова осылай мәлім етті.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіздік жылдарындағы қоғам мен жалпыұлттық келісімді нығайтуға бағытталған сындарлы саясатының арқасында бүгінгідей әлем мойындаған мәртебелі мемлекетіміз Қазақстан Республикасы қалыптасты. Бұл орайда қазақстандық бірлік пен келісім моделін орнықтырудың негізгі міндетін Қазақстан халқы Ассамблеясы атқарып келеді», - деп атап өтті ол.

Мемлекеттік хатшы қоғамда Ассамблея әрдайым тұрақтандырушы рөл атқарып келе жатқанын айтты.

«1995 жылы 1 наурыз күні ҚХА құрылды. Бұл кезде біздің астанамыз Алматыда болатын. Бұрынғы ҰҒА кеңесінде осы Ассамблеяның бірінші отырысы өтті. Сонда Елбасының бір айтқан сөзі бар: «Біздің қоғамды топтастыратын механизмнің бірі - Қазақстан халқы Ассамблеясы болуға тиіс. Біздің басты бағытымыз - ортақ мәмілені іздестіру және біріктіруші негіздерді нығайту арқылы барлық ұлттық топтарды дамытуға арқа сүйеуі тиіс. Мен ел Президенті ретінде қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді нығайтуды өзімнің негізгі міндетім деп санаймын. Бұл келісім көктен түспейді, қажырлы жұмыс арқылы қол жеткізіледі». Бұл сөздерді Президент осыдан жиырма жыл бұрын айтқан болатын. Қажырлы еңбектің арқасында тәуелсіздік шежіресінде Ассамблея әрдайым тұрақтандырушы рөл атқарып келеді. Ассамблеяның 20 жылдық қорытындыларын шығара отырып, Қазақстан бірлік пен келісім саясатының конституциялық қағидаттары мен қоғамның жүйелі ықпалдасуын бекігенін толық құқықпен айтуға болады. Ассамблея конституциялық органға еліміздің жалпыазаматтық және жалпыхалықтық институтына айналды. Ал полиэтностық халықтың бірлігі - Қазақстан мемлекетінің тұғыры», - деді Г.Әбдіқалықова.