Г.Әбдіқалықова: Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі мамандарына арналған мемлекеттік тапсырыс құрылымы өзгереді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі мамандарына арналған мемлекеттік тапсырыс құрылымы өзгеріске ұшырайды. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру жүйесінде экономика салалары үшін кадрлар даярлаудың сапасы мен перспективалары туралы» парламенттік тыңдау барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова мәлім етті.

Вице-премьердің атап өтуінше, білім беру жүйесі теориялық білім берумен қатар шынайы өндірістік жағдайға шұғыл арада бейімделе алатын дағдысы бар кадрлар дайындауы қажет. Сондықтан да еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі бизнеспен серіктестік тығыз қарым-қатынасты нығайта түсетін болады. Колледждер жұмыс берушілердің қажеттілігіне бағыт алса, оқу бағдарламалары студенттерге білім, іскерлік әрі дағды беруді қалыптастыруға негізделеді.

«Өңірлік теңгерімсіздікті ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі мамандарына арналған мемлекеттік тапсырыс құрылымын өзгерту арқылы техникалық, кәсіптік білім қолжетімділігі үшін жағдай жасалатын болады», - деді ол.