Г.Әбдіқалықова Түркі академиясы қызметімен танысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Мемлекетік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Халықаралық Түркі академиясында болып, бірегей ғылыми орталықтың ғылыми-зерттеу қызметімен танысты.

Бейбітшілік және келісім сарайына келген Г.Әбдіқалықова ең алдымен түркі халықтарының тарихи мұражайын аралап көрді. Онда қойылған түркі халықтарының терең тарихы мен өміршең өркениетінен сыр шертетін әр тарихи кезеңнің құнды жәдігерлерін тамашалады. Сонымен қатар Мемлекеттік хатшыға 32 мың кітап қоры бар академия кітапханасы да таныстырылды.

Осыдан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Г.Әбдіқалықова келер жылы елімізде Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Конституцияның 20 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы сынды мерейтойлардың өтетіндігін еске салды.

«Бұл мәселелердің барлығы да тарихи тұрғыдан, ғылыми тұрғыдан әлі де болса зерттеуді қажет етеді. Ал осы зерттеулерде Қазақстанда құрылған Түркі академиясы аса маңызды рөл атқарады», - деді ол.

Сонымен қатар Мемлекеттік хатшы бұл академия ҚР Президентінің бастамасымен және Әзербайжан, Түркия және Қырғызстан басшыларының қолдауымен құрылғанын атап өтіп, ағымдағы жылы арнайы келісімшарт ратификацияланғанын еске салды.

«Қазір Елбасы осы түркі елдерінің, Еуразиялық кеңістіктегі елдердің интеграциясына зор көңіл бөліп жүр. Ал интеграция мәселесінде әсіресе, мәдениет, тарих мәселелерінде Түркі академиясының атқарар ісі көп. Келесі жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты көптеген зерттеулер болады. Ол жұмыстарда тарихты шынайы жағынан көрсету керек. Сонымен қатар көптеген конференциялар ұйымдастырылады. Олар тек Қазақстанда ғана емес түркі әлемі елдерінде, Америка, Еуропа мемлекеттерінде ұйымдастырылып, ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде тарихқа қатысты кездесулер өтеді. Оның барлығын өткізу осы академияның құзырында»,- деді Г.Әбдіқалықова.