Ғ.Әнесов ұйымдастырған «Қазақ халқын қорғаушылар одағының» тарихтағы орны зор - Ж.Жақсығалиев, тарихшы, БҚО

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысы қарсаңында Батыс Қазақстанда «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» ұйымы азаттықтың ақ таңын аңсап, астыртын әрекет еткен Ғұбайдолла Әнесов сынды Алаштың алтын асықтай ұлдарынан құралған еді. Осыған орай тарих ғылымдарының кандидаты, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Жаңабек Жақсығалиев өз ой-толғамымен былайша бөлісті.

Оның айтуынша, бұл мәселені алғаш зерттеп, «Сол бір сүргін» атты кітап шығарған батысқазақстандық қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Амангелді Шахин болатын.

Шын мәнісінде 1943 жылы Орал қаласындағы НКВД түрмесінде 19 жасын­да оққа байланған оғлан Ғ.Әнесов - мемлекеттік деңгейде әлі толық тарихи бағасын алып үлгермеген жас боздақ. Қазақ та­рихына есімі алтын әріптермен қашалған Халық Қаһарманы Қ.Рысқұлбеков сынды саңлақ­пен тағдырлас Ғ.Әнесов тұлға­сы соңғы жылдары жұртшылық на­зарын өзіне аудара бастады. Әзірше көңілге медеу болары - жалындаған жас жетекші Ғ.Әне­сов негізін қалаған «Қазақ хал­қын қорғаушылар одағы» тура­лы қысқаша мәліметтің Бі­лім және ғылым министрлігі бе­кіткен мектеп оқулығына енуі (Т.Тұрлығұл, С.Жолдасбаев, Л.Қожакеева. Қазақстан тарихы. 11- сынып. А., 2007. 64-65 б.б.).

1936 жылы Фурманов (қазіргі Жалпақтал) кентінде 14 жастағы Ғұбайдолла Әнесовтің отбасымен бірге сол кездегі Фурманов аудандық атқару комитетінің іс жүргізушісі болып қызмет атқарған 25 жастағы Сатымов деген туысқаны тұрған. Жасөспірім Ғұбайдолланың саяси көзқарасының жетілуіне осы азамат әсер еткенін айыпталушы Әнесовтің жауаптау хаттамаларынан аңғаруға болады. Алайда, Сатымов құрт ауруына шалдығып, сол 1936 жылы дүниеден өткен. Ауруы әбден асқынған ол бақилыққа аттанар алдында Ғұбайдолланы өзіне шақырып алып, саналы ғұмырын қазақ халқын кеңестік империяның бұғауынан босату жолына арнағандығын айтып, мектеп оқушысы Ғұбашты кеңестік билікке қарсы ұйымдасқан күреске бағыттап, Қазақстанды КСРО-дан бөлуге әрекет жасау керек­тігін өсиет еткен. Сатымовтың бұл өсиетін жаттап қалған зерек бала ержете келе, айтылған әңгіменің саяси астарын жете түсіне бастайды. Бұл жерде азамат Сатымов сол жылдардағы Кеңес өкіметіне қарсы ұйым мүшесінің бірі болды ма екен деген де ой келеді. Бірақ мұрағат құжаттарымен толық танысқанмен, Сатымов туралы басқа еш мәлімет табылмады.

Дегенмен, ҰҚК облыстық басқармасының мұрағатынан қы­зықты тарихи дерек табылды. 1942 жылғы 2 наурыздағы тер­геу кезінде С.Шорабаев: «Орал мұғалімдік институтының сту­денті болып жүріп, институт ішінде студенттерден құралған «Сұрпақбайлар» атты анти­ке­ңестік топ бар екенін естігенмін. Бұл туралы маған Ғалиасқар Қосанов (С.Шорабаевпен пед­институт жатақханасының №61 бөлмесінде бірге тұрған 4 курс студенті - Ж.Ж.) айтты. Осы әң­гіме мемлекеттік пед­институт жатақ­­ханасының №61 бөлмесінде болды. Менен басқа бізбен тұ­ратын студент Мағын Демжанов та сол кезде бөл­меде отырған еді. Бұл әңгіме неден пайда бол­ғаны есімде жоқ», деп жауап берген (Ұлттық қа­уіпсіздік коми­тетінің Батыс Қа­зақстан об­лыс­тық басқармасы­ның мұ­ра­ға­ты (бұдан кейін ҰҚК БҚОБМ) №П 3545, іс №3789, т.1, 143-па­рақ). Ал тергеушінің «Антикеңестік «Сұрпақбайлар» тобының құ­рамын және басшы­сы кім екенін білуге қызығушы­лық танытты­ңыз ба?» деген сұ­рағына Сайдолла «Жоқ» деп қысқа қа­йырған (ҰҚК БҚОБМ, №П 3545, іс №1627, 144-па­рақ). Бұл дерек сол кез­де Орал пединститу­тын­да «Сұр­пақбайлар» атты ұйым болғандығын көрсетеді. Ал 1941 жылғы 18 жел­тоқсанда Сатқали Молдаға­ли­евтің жа­уаптау хаттамасын­да төмендегідей мәлімет келті­рілген: «1941 жылдың 2 жартысында Әнесов маған Оралда «ҚХҚО» деп аталатын, Қазақ­станды өз алдына бөліп алуды мақсат еткен ұйым бар деп айтты. Сонымен қатар, Әнесов осы ұйым басшылары атынан 1941 жылғы қарашаның басында маған «ҚХҚО» атты ұлтшыл контрреволюциялық ұйымға кі­руге ресми ұсыныс тастады» (ҰҚК БҚОБМ, №П 3545, іс №3789, т.1, 277-парақ).

1941 жылы 29 желтоқсанда Ғ.Әнесов тергеушілерге берген жауабында: «ҚХҚО» деп аталатын кеңестік өкіметке қарсы ұйымға мені ешкім де тартқан жоқ. Өйткені, бұл ұйымның ұйым­дастырушысы да, басшысы да өзім - Әнесов Ғұбашпын», деген. Қалай болғанда да, сол жылдары Орал пединститутында ан­тикеңестік мақсатта, әйтеуір, бір ұйымның болғандығын мұра­ғат деректерін мұқият тексерген адам іштей сезіп отырады. 1942 жыл­ғы 3 маусымда Әнесов пен Шо­рабаевты тергеушілер жүзбе-жүз жауаптағанда, Ғұбаш былай деген: «Шорабаев өзі 1936-37 жылдары Алматыда байла­нысшылар курсында болғанда курсанттардың бірінен (Мұхам­бетжанов) Орал пединститутын­да контрреволюциялық ұлт­шыл ұйымның барын естіген, бірақ НКВД органдары оны өз уақы­тында жойған болатын» (ҰҚК БҚОБМ, №П 3545, іс №3789, т.2, 622-624 парақ). Әне­совтің бер­ген жауабын Шора­баев толығы­мен қуаттаған. Жо­ғарыда келті­рілген мұрағат құжаттарынан шы­ғатын қорытын­ды біреу: ҚХҚО-ға дейін де Оралда студенттердің антикеңестік ұйымы өмір сүрген. Бәлкім, Ғұ­байдолла басқа да алаш азаматтарына зиянын тигізбес үшін осыдан алты жыл бұрын көз жұмған туысқаны Сатымовқа барлық кінәні ысырып, оларды тасалады ма екен?!. Ол жағы беймәлім.

Фурманов орта мектебінде оқып жүрген ол 1940 жылға дейін Кеңес өкіметіне қарсы пиғыл көрсетпеген. Бірақ 1940 жылдың орта шенінен бастап өз көзқарасын кілт өзгертіп, Қазақстан Түркия, Иран, Ауғанстан, т.б. сияқты дербес мемлекет болуы үшін КСРО құрамынан бөлініп, Кеңес өкіметіне қарсы күрес жүргізуі керек деген ойға келеді. Осы ойын алғаш Сейітқали Бажекенов деген азаматқа айтқан. Сейітқали 1923 жылы Батыс Қазақстан облысының Орда ауданына қа­расты Жетібай ауылында туған. Бұл пікірге бір мектепте оқитын 8-сынып оқушысы Иманғали Насыров та қосылады. Олар коммунистік партия мен Кеңес­ өкіметінің ұлт саясаты ұлтты жоюға бағытталған деп шешеді. Ғ.Әнесов былай дейді: «Біздің пікірімізше, Қазақстанда дербес мемлекет болған жоқ, бәріне орыстар билік жүргізіп келеді. Осындай тұжырымға келген соң біз КСРО-дан бөлініп, қазақтың дербес мемлекетін құру үшін Кеңес өкіметіне қарсы қарулы күрес жүргізу керек деген шешімге келдік. Кешікпей оқу жылы аяқталып, Насыров «Талдықұдық» кеңшарындағы ата-анасына жазғы демалысқа кетті» (ҰҚК БҚОБМ, №П 3545, іс №3789, т.2, 156-парақ).

1940 жылғы тамыз айының басында Насыров каникулдан келген соң үш дос Оралдағы мұғалімдер институтына бірге түсуге сөз байласады. Сөйтіп, олар 1940 жылғы 19 тамызда Оралға келіп, Әнесов физика-математика, Насыров пен Бажекенов тарих факультетіне студент болып қабылданған. Осы кезде Ғұбаштың жақсы танысы фурмановтық Қамал Мақұл­ба­ев та Оралдың гидротехникумына түскен. Көп ұзамай ақылы оқу жүйесі еніп, Насыров пен Бажекенов 1940 жылы 6 қазанда үйіне қайтады. Оларды Әнесов пен Мақұлбаев вокзалдан шы­ғарып салған. Антикеңестік жұмысқа белсенді кіріспек болған Қамал да сол жылы қарашада оқуын тастап, ауылға кетеді. Желтоқсан айында Насыров пен Бажекенов Оралдағы Әне­совке жеке-жеке хат жазып, Ке­ңес өкіметіне қарсы жұмысты тоқтатуды сұраған. Бұл ұсы­ныс­қа келіспеген Әнесов Насыров­қа жауап хат жазып, Ке­ңес өкі­метіне қарсы жұмысты одан әрі жүргізе беретінін және оның да өз көзқарасын өзгертуін сұраған (ҰҚК БҚОБМ, №П 3545, іс №1627, 546-парақ).

Өз мүдделестерінен оқшау­ланған Ғұбаш жаңа пікірлестер тауып, жұмысын одан әрі жалғастыруды көздейді. Осы­ған байланысты мұғалімдер институтының тарих факультетіндегі тарих пәнінің үздігі Сайдолла Шорабаевпен 1941 жылы сәуірдің бас кезінде тым жақын әңгімелесе бастайды. Бастапқыда сабақ төңірегіндегі әңгімеден басталған бұл кездесулер кейін партияның, әсіресе, ұлт мәселесі жөніндегі бағытын сынауға ұласады. Бұған Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұрағатындағы мына тарихи деректер дәлел бола алады. «Мұнан әрі біз (Әнесов пен Шорабаев) Қазақстан экономикасын Кеңес өкіметінен бөліп алу жағын ашықтан-ашық қарастыра бастадық. Қазақ халқы, оның тілі мен мәдениеті өркендемейді, қазақтар ұлт ретінде дамымайды, керісінше, жойыла береді деп тұжырым­дап, Қазақстанның КСРО-дан бөлінуіне бағытталған Кеңес өкіметіне қарсы ұйымдасқан белсенді күрес жүргізуді қажет деп шештік, - деп жауап берген саяси ұйымның жетекшісі Ғ.Әнесов. - Осы кезден бастап өзімнің Кеңес өкіметіне қарсы көзқарастарымды бөлісіп, идея­лық жағынан ұлт­шылдық көзқараста жүрген студенттерді белсенді үгіттеуім басталды» (ҰҚК БҚОБМ, №П 3545, іс №1627, 550-парақ).

Алайда, бұдан кейінгі үгіт­­теулер, кейін тарих дәлелдегендей, Әнесов үшін өте сәтсіз қалыптасты. НКВД жансызда­ры­ның жымысқы саясатын аң­ғармаған аңғал ер Ғұбайдол­ла кейін мұнысына өкінді ме, тіпті, мұны білмей кетті ме екен деп те ойланасың. Мұрағат деректерінде Ғ.Әнесовтің өз серіктерін бұл саяси ұйымға қалай біріктіргені жөнінде көптеген мәлімет бар. Ұйым мүшелерінің тергеу кезінде қайтарған жауабы көбіне ұқсас, олардың кейбірін ғана келтіре кетейік. Мәселен, өзін антикеңес­тік ұйымға Ғұбаштың қалай тартқаны жөнінде С.Шорабаев былай деген: «1940-1941 жылдары Орал пединститутында оқып жүргенде, көктемде Ғұ­баш Әнесовпен жақынырақ та­ныстым. Оңашада Әнесов өзі­нің антикеңестік көзқарасын байқатып жүрді. Әнесов маған сенетінін айтып, өз сырын бас­қаларға айтпау туралы уәде беруімді сұрады. Мен өз тарапымнан оның құпиясын ешкімге білдірмейтінімді айттым. Осыдан кейін Әнесов колхоз қазақтарының ауыр тұрмысын айтып қынжылды. Мысал ретінде Фурманов ауданының колхоз адамдарының өмірін сипаттап берді. Осыған орай Әнесов мұндай жағдайдан шығу жолдарын қарастыруымыз қажет, қазақ еңбекшілерінің тұрмыс жағдайын жақсартуымыз керек деп алдымызға мәселе қойды (ҰҚК БҚОБМ, №П 3545, іс №3789, т.1, 145-парақ).

Мұрағат деректерінен түйге­німіз, Ғ.Әнесов Қазақстан Кеңес Одағынан бөлінсе, қазақтардың тұрмыс жағдайы жақсарады деп ойлаған және ол жауаптау кезінде тергеушілерге осындай мәлімет берген (ҰҚК БҚОБМ, №П 3545, іс №3789, т.2, 622-парақ).

Кеңес Одағының ұлт саяса­тындағы кемсітушіліктерді анық аңғарған Әнесов Шорабаевқа: «Мәселені одақтық және автономиялық республикалардың орнына ұлт­тарға дербес мемлекет беру негізінде шешу керек. Бұл жағ­дайда әр халық өзінің мәде­ние­ті мен материалдық жағ­дайын көтеруге тырысатын болады (ҰҚК БҚОБМ, №П 3545, іс №3789, т.2, 623-парақ)», деп айтқан.

С.Молдағалиевтің жауаптау хаттамаларынан да осыған ұқсас үзінділер оқимыз: «1941 жылдың тамызында не қыркүйегінде Фурманов поселкесіне Орал қаласынан менің танысым Ғұбаш Әнесов келді. Қазан айында Әнесов менімен кездесетін болды. Әңгіме кезінде антикеңестік көзқарасын білдіріп, мені осы бағытқа бұрғысы келді. Маған айтатыны: «Қазақтардың тұрмысы нашар, көбі жұмыссыз, салықты көп төлейді, тіпті үйлері жоқ, жер үйде тышқан сияқты өмір сүреді. КСРО Конституциясында барлық адамның құқығы тең деген, іс жүзінде көп адам­ның, соның ішінде, қазақтардың құқығы сақталмайды. Ма­ған әсер ету үшін Әнесов: «Үкі­мет ешқандай кінәсі жоқ сенің атаңды - Молдағалиды қамауға алып, соттап жіберді. Мына үкіметтен не жақсылық көріп жүрсің, жұмысың жоқ, тұрмысың нашар» (ҰҚК БҚОБМ, №П 3545, іс №3789, т.1, 277-парақ), деді. Әнесовтің әсерлі әңгімесінен кейін Сатқали Молдағалиев өзінде антикеңестік көзқарас күшейе түскенін айтады.

Иманғали Насыровтың да ұйымға қалай кіргені жайлы НКВД адамдарына берген жауабы жоғарыдағыға ұқсас. И.Насыров: «Мен Ғұбашпен 1938 жылдың қазанында Фурманов орта мектебінде оқып жүріп таныстым. Ол сонда 8-сы­ныпта оқитын. Алғашында біз жиі кездесіп жүрдік. Сабаққа бірге дайындалдық, киноларға, көріністерге бірге бардық. Бірте-бірте жақсы дос болып кеттік. Әнесов Қазақстанға қатысты партия мен Кеңес өкіметі сая­сатына жиі наразылық білдіретін. Есімде, 1940 жылы қаңтар айының аяғында екеуара әңгімеде «Кеңес өкіметі кезінде қазақ халқының жағдайы тым ауыр, адам төзгісіз қалыпта, тіпті өмір сүруге қаражат табу қиын» екенін дәлелдеуге тырысты. Тіпті патша заманында да дәл бұлай болмағынын айта келе, қазақ халқының мәдениеті мен тілі бұрмаланып жатыр, қазақтар ең соңғы, ең төмен ұлт болып саналады, яғни олар адамға саналмайды дегенді айтты. Дәлел ретінде басқарушы және жа­уапкершілігі жоғары орындарда тек өзгелер отырғанын, ал қазақтар қара жұмыс істеп жүргенін мысал қылды. Осыдан кейін Әнесов: қазақ халқы бізге сенеді, бізді зия­лылар деп есептейді, сондықтан болашақта біз қазақ халқының мүддесін қорғауымыз керек, ал ол үшін ұйым құрып, КСРО-дан Қазақстанды бөліп алу бағытында ұйымдасқан түрде күрес жүргізіп, дербес қазақ мемлекетін құру қажет» (ҰҚК БҚОБМ, №П 3545, іс №3789, т.2, 484-парақ), деп өзінің ұйым жетекшісімен қарым-қатынасы қалай басталғанын еске түсірген.

Ұйымға тартылған басқа да адамдар жөнінде Ғ.Әнесов 1941 жылы 31 желтоқсандағы жауабында Иғали Мұхамбетқалиев, Мәннап Ахметов, Сүндетқали Қаражанов, Өтеген Аманов және Қайырғали Сапарәлиннің есімін атаған.

Мұрағат деректерінен байқа­латыны - «ҚХҚО»-ның негізін са­лушы, ұйымдастырушысы ретінде айыпталушылардың бәрі бірауыздан Ғ.Әнесовтің есімін атаумен болған. Осы деректерді саралай келе 1937-нің қан-қасап қуғын-сүргінінен кейін іле-шала азаттық идеясын ту етіп көтерген 17 жасар ұлдың атан тартпас ауыр жүкті өз мойнына алған қайсарлығына тәнті бола­сың. Өкініштісі, балғын боздақ­тар әзірлеген барлық жоспар сәт­сіз аяқталды. Олар сол сәтте әлемдегі ең алып держава сана­латын КСРО империясы құра­мынан дәл осындай қимылмен бөлініп шығу еш мүмкін емес екеніне көз жеткізе алған жоқ. Бұл кезде өлкенің ұлан-байтақ даласы Кеңес өкіметінің толық өктемдігінде еді.

«Бұл оқиғаны республика жұрт­шылығы әлі толық біле бермейді. Ұлы Отан соғысы басталардан сәл ғана бұрын «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» деген атпен құрылған жасырын ұйым жеті ай өмір сүрген. 17 мен 23 жас арасындағы балғын 14 боздақ түгел ұсталып, сотталған. Сол кезде ұйым басшысы Ғұбайдолла Әнесов небары 17 жаста еді. Ол 1943 жылы 19 жасында Орал қаласындағы НКВД түрмесінде атылған. Қы­лышынан қан тамған қызыл империяға қарсы көзсіз ерлікке барған оғландардың есімін елі, ұрпағы ұмытпауы тиіс. Олар: Ғұбайдолла (Ғұбаш) Әне­сов, Сейітқали Бажекенов, Сатқали Молдағалиев, Ғұмар Тұрымов, Сайдолла Шораба­ев, Мұхам­бетжан Нұралин, Иға­ли Мұхамбетқалиев, Мәззап Әлиев, Мән­нап Ахметов, Қа­мал Мақұл­баев, Сүндетқали Қаражанов, Өтеген Аманов, Қайырғали Сапарәлин, Иман­ғали Насыров.

Ел басына күн туғанда ұлт мүддесін бәрінен жоғары қоятын дарабоз саңлақтар ғана алғы шепке суырылып шығатыны - мың мәрте дәлелденген аксиома. Ал ерлік һәм батыр­лық дәстүр халық мерейі, ұлт мақтанышы ретінде жас ұрпақ­қа қызмет жасайды. Қазағын қапысыз сүйіп, сол жолда ұмы­тылмас өнегелі өмір сүрген һәм қаршадайынан азаттық үшін «атойлаған» алаштың алтын асықтай айбоз ұлының аруағы алдында біз не істей алдық? Білуімізше, Жалпақтал ауылын­дағы Ғ.Әнесов атындағы көше мен сондағы бақта «Жалпақ­тал жастарына» орнатылған тақта­дан басқа әзірше ештеңе жоқ.

Ғ.Әнесовтің тағдырынан та­ғылым алу, оны бүгінгі және келешек ұрпаққа насихаттау үшін мынадай ұсыныстар айтқымыз келеді:

- Ғ.Әнесовке Батыс Қазақ­стан облысының орталығы Орал қа­ласында немесе туған топы­рағы Жалпақтал ауылында ескерткіш орнату қажет;

- Ғ.Әнесовтің тарихи мұрасын бүгінгі жас ұрпаққа жеткізу үшін қайраткер туралы Орал, Алматы қалаларындағы мұрағат деректерін жинақтап, кітап етіп шығару керек;

- батыр тұлғасын өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатын­да Жалпақтал өңіріндегі немесе облыс көлеміндегі мектептердің біріне, қала көшелерінің біріне оның есімін беруіміз керек;

- облыстың зиялы қауымы мен жергілікті билік бірлесіп, өз өмірін кейінгі ұрпаққа өнеге етіп, ұлт жолында жиырмасына жетпей қыршын кеткен жас боздақ Ғ.Әнесовтің есімін ұлықтау мақсатында оны еліміздің мемлекеттік деңгей­дегі ең жоғары марапаттары­ның біріне ұсыну керек», деп түйіндеді ойын Ж.Жақсығалиев.