«G-Global»: сәуле нұрға айнала ма?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 29 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 29 наурыз, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Кеше Ақтау қалалық сотында 2011 жылдың 16-17 желтоқсанында Жаңа­өзен қаласында орын алған жаппай тәртіпсіздік оқиғасына орай 37 тұлғаға қатысты қылмыстық іс қараған сот отырысы екінші күн жалғасты», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Сот отырысы жалғасуда» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, кешегі іс бойынша 37 сотталушы, 188 жәбірленуші, 45 куә қатыс­ты және 93 томдық құжат бар екендігі айтылды. Сот ісін жәбірленушілерден бастау ұсыныл­­­ды. Оны тергеу әре­кет­тері нәтижесімен жалғастырылып, 93 томдық құжаттарды да назарға алсақ деген пікір айтылды. Бұл ұсынысты сот отырысының төрағасы мақұлдап келі­сімін берді. Жалпы, осы отырыста барлығы 14 жәбірленуші сұралды. Олардың арасында жеке кәсіпкерлер, дүкендер мен автокөлік иелері, мерекеге орай киіз үйлерін тіккен жеке тұлғалар болды.

 

«Егемен Қазақстан» газетінің бейсенбілік нөмірінде «Жолдама осы жетіде шешіледі» деген тақырыппен мақала басылды. Онда қазақтың оң жамбасына келетін спорт түрінің бірі грек-рим күресінен Олимпиада жолдамасы  сарапқа салынатын жарыс жайында баяндалған. «Бүгінді біздің «классиктеріміз» Олимпиаданың үш жолдамасына ие болып отыр. Әзірше төрт салмақтағы балуандарымызда лицензия жоқ. олардың мәселесі 30 наурыз бен 1 сәуір күндері астанада Елбасы Н.Назарбаевтың жүлдесі үшін өтетін халықаралық турнирде шешіледі. Азия аймағы бойынша Олимпиада жолдамасы сарапқа салынатын турнирде 55, 66, 84 және 96 келі салмақ дәрежесінде лицензиялар таратылады», - деп жазады басылым.

***

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемдік дағдарыстың тежелмей тұрғанына ерекше алаңдаушылық білдіріп, «G-8» және «G-20» басқосуларының нәтижесіне көңілі толмайтынын айта келіп, «G-Global» алқалы жиыны ерекше қажет болып тұрғанын, керек болса мұндай мәселені талқылайтын үлкен жиынды Астана экономикалық форумының аясында өткізуге Қазақстанның дайын екенін мәлімдегені баршаға белгілі. Содан бері біршама уақыт өтті. Елбасымыздың осындай келелі ойына ой қосқан әлемдік деңгейдегі ғалымдар мен қоғам және мемлекет қайраткерлері де уақыт озған сайын көбейіп келеді. Әлем жұртшылығы бұл мәселеге неге айрықша көңіл бөлуде? Бұл жайында тереңірек «Айқын» газетіндегі  «G-Global»: сәуле нұрға айнала ма?» деген тақырыптағы мақаладан біле аласыздар.

 

Кеңес өкіметі енді орнап жатқан тұста қазақстандық чекистер шекараның арғы жағына өтіп, Қытай аумағындағы ақгвардияшыларды қарусыздандыруға бағытталған бірнеше арнайы операцияларды жүзеге асырды. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында Семей аймақтық Бірінші ГУБЧК барлаушылары Қытайға қашып өткен ақгвардияшы атаман Дутовты жою және атаман Анненков пен оның штаб бастығы Денисовты Қытайдан бері алып өту операцияларын сәтті аяқтады. Атаман Дутовты, оның адъютантын және жеке басының оққағары болып жүрген екі казакты жою операциясы 1921 жылдың 6 ақпанында жүзеге асырылды. Операцияны Жаркент милициясының бұрынғы бастығы Шанышевтың басқаруымен арнайы дайындықтан өткен чекистер орындаған. Бұл операциялар кейіннен кинематографияның классикасына айналған «Атаманның ақыры», «Трансібір экспресі» фильмдерінің сюжетіне арқау болды. Міне осы көркем фильмге арқау болған құпия операциялардың бірі - Атаман Дутовты жою қалай және кімдердің қолымен атқарылғандығы туралы деректер «Айқын» газетінің бейсенбілік санындағы «Дутовтың басы Жаркентке қалай жеткізілді?» деген тақырыптағы мақалада баяндалған.

***

«Энергетика - экономиканың бойына қан жүгіртетін сала. Сондықтан да энергетика саясаты елдік дамудың тасын өрге домалатады не қарқынға тежеу салуы ықтимал. Осының алдын алу мақсатында экономикалық даму және сауда министрлігі 2016 жылдан бастап елімізде қуат нарығын енгізуді көздеп отыр. Кешегі Мәжілістің жалпы отырысында министр Бақытжан Сағынтаев осы бағыттағы жаңа жобаның жай-жапсарымен таныстырып, құжатты депутаттардың бастапқы мақұлдауынан өткізді», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті «Қуат нарығы экономикаға қысым жасай ма?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Кеңес Одағынан бері сол кеңістіктен шыққан елдер үшін көкейкесті бір мәселе бар - бұл энергетика нысандарының тозуы. Тозудың салдарынан өндірілген қуат тұтынушыға жетпей жатып-ақ жол бойында «қаңғып» кетіп, орасан шығын «құмға сіңіп» отыр. Энергетиканы тиімді, үнемді пайдаланбаудың әлеуметтік соққысы да баршылық. Тозғанды жамап, ескіні жаңарту үшін тұтынушының қалтасына түсетін салмақ қана емес, инвестиция бағытының ашықтығы да маңызды болмақ.

 

«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, еліміздің  Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы қаласында жүзеге асырылмақ болған бірнеше лаңкестік жарылыстардың жолын кесті. Бүгінде оған жауапты адамдар ұсталып, тергеуге алынды. Еліміздің бас прокуратурасы таратқан мәліметке сәйкес, Алматыдағы теракатілерді орындауға М.Әблязовтің жеке күзет басшысы Александр Павлов тапсырыс берген.  Қазіргі кезде ол шетелде бой тасалап жүр. Мақала «Әбләзовтің күзет бастығы іске асырмақ болған терактілердің жолы кесілді» деген тақырыппен берілген. «А.Павлов Алматыдағы террористік және экстремистік әрекеттерді былтырдан бері жоспарлап келген. Биыл ол өз сыбайластарына Алматының қоғамдық жерлерінде - саябақтар және әкімшілік ғимараттарының маңайында бірнеше жарылыстарды ұйымдастыруды тапсырған.  Атап айтқанда, қаланың «Сарыарқа» кинотеатры артындағы «Фэмэли» саябағында, сондай-ақ әл-Фараби даңғылы бойындағы жаяу жүргіншілер өтетін тұстарда  жарылғыш заттарды орнату бойынша нақты тапсырма берген», - деп жазады басылым.

***

«Время» газетінің жазуынша, Алматы полицейлері Интернет арқылы соңғы 2 аптаның ішінде қалада жасанды дәрі-дәрмектің салдарынан 12 бала қаза тапты деген жалған ақпаратты таратушыларды іздестіруде. Мақалада Алматы қалалық медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаментінің директоры Айзат Молдақасымованың және қалалық ІІД баспасөз қызметі Салтанат Әзірбектің пікірлері берілген. «Егерде өсек-аяңды таратушылар ұсталатын болса, онда олар жауапкершілікке тартылады», - деді С.Әзірбек.