«G-Global» Жамбыл облысында екі жобаны жүзеге асыруға дайын

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Таразда Жамбыл облысының әкімдігі мен «G-Global» халықаралық хатшылығы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Тараптар G-Global платформасында тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсім, инвестицияларды тарту, қоршаған ортаны қорғау, жасыл экономика, туризм және экотуризм саласында бірлескен іс-шаралар өткізуге дайын екендіктерін растады.

Жамбыл облысы әкімдігінің атынан меморандумға аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев, «G-Global» хатшылығынан – оның басшысы Серік Нөгербеков қол қойды.

Қонақтар өздерінің екі маңызды жобаларын таныстырды. Олардың біріншісі «Sirius market» экожүйесін тестілік режимге енгізуді көздейді десек, ондағы мақсат – делдалдарды араластырмай, түрлі мақсаттағы тауарларды өндірушіден тұтынушыға тікелей жеткізу болып табылады. Екінші жоба қазіргі заманғы әдіснаманы қолдана отырып, амбулаториялық жағдайда онкологиялық аурулармен ауыратын науқастарды емдеуге байланысты.

«Біз өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жобаларды әрдайым қолдаймыз. Бізге жаңа идеялар мен жаңа технологиялар қажет. Бізде ауқымды инвесторлармен жұмыс тәжірибесі бар. Біз сіздердің ұсыныстарыңызды жүзеге асыруға көмек көрсетуге дайынбыз», – деді Б.Сапарбаев.