Г. Головкин Германияда кәсіпқой бокстан кезекті жекпе-жегін өткізеді

АЛМАТЫ. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Германияның Гамбург қаласында кәсіпқой бокс матчында қазақстандық Геннадий Головкин кезекті жекпе-жегін американдық Трэвис Симмспен өткізеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл әуесқой бокста 2003 жылы Бангкоктағы Әлем чемпионатының чемпионы, 2004 жылы Афиныдағы Олимпиада ойындарында күміс жүлдегері атанған Г. Головкин 2005 жылы кәсіпқой боксқа ауысқан болатын. Бұған дейінгі 15 кездесудің бәрінде мерейі үстем болған ол 11 жекпе-жекті нокаутпен аяқтаған еді. Кәсіпқой бокста «алтын бала» деген атпен танымал бола бастаған Г. Головкин қаңтар айында соңғы жекпе-жегінде «Кобра» деген лақап аты бар аргентиналық Хавьера Альберто Маманиды алғашқы раундта-ақ қапы қалдырған еді. Оған дейін 43 кездесу өткізіп, оның 35-інде жеңіске жеткен Хавьера Альберто Маманидың бұл 8-ші жеңілісі болды. Қарағандылық «алтын баланың» бұл жолғы қарсыласы американдық Трэвис Симмс болмақ. Ол кәсіпқой бокстағы 27 кездесудің 26-сында басым түскен боксшы. Жекпе-жектерінің 19-ын нокаутпен аяқтаған американдық былғары қолғап шебері тек 2007 жылы Йоахим Альсинге ғана ұпай санымен ұтылған еді.