Г. Головкинмен жекпе-жек үшін мексикалық кіші Чавеске 7 млн. доллар ұсынылған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Top Rank промоутерлік компаниясының басшысы Боб Арум орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Хулио Сезар кіші Чавес арасындағы жекпе-жектің нелікпен өтпейтіндігінің жай-жапсарын айтып берді.

Чавеске 7 млн. доллар көлемінде ұсыныс жасалғанына тоқталған Арум, «егер де ол осыдан кейін тағы бір жекпе-жек өткізсе, яғни жеңілген жағдайда 5 млн. доллар, ал егер жеңген кезде кем дегенде 10 млн. долларды алатын еді»,-деді.

Сонымен қатар Боб Арум Головкинмен арадағы жекпе-жекке төленетін қаржы Чавестің көңілінен шыққандығын, алайда оған Top Rank-пен келісімшарт аясында тағы бір жекпе-жек өткізу міндеттемесі ұнамағанын жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, Головкин мен Чавес арасындағы кездесу Лос-Анджелесте 19 шілде күні өтеді деп жоспарланған еді. Қазіргі уақытта қазақстандық боксшының промоутері Том Леффлер Г. Головкинге жаңа қарсылас іздестірумен айналысып жатыр, деп жазады Vesti.kz.