АСТАНА. ҚазАқпарат - 10 желтоқсан күні Астана қаласының «Астана» сурет галереясында Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Ғарифолла Құрманғалиевтің 105 жылдығына арналған батысқазақстандық өнер шеберлерінің қатысуымен «Әнімен елін тербеген» атты дәстүрлі ән кеші өтеді.
Аталмыш өнер сапарын БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония ұйымдастырып отыр.
Елорда төрінде атақты әнші, кезінде айтыскер ақын ретінде де кеңінен танылған ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев, дәулескер домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Ермек Қазиев, ҚР еңбек сіңірген әртісі Сәуле Таудаева, Ғарекеңнің төл шәкірттерінің бірі Серік Әбдірахманов, сондай-ақ республикалық байқаулардың лауреаттары Армат Исламғалиев, Ернар Өмірәлі, Данияр Елеуов, Лаура Мұхамеджановалар өнер көрсетпек.
Ендеше, астаналық ағайын, концертке қош келерсіз!
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).