Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының Астанадағы гастролі басталды

ТАНА. 10 қазан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - 10-14 қазан аралығында Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу аясында Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының Астана қаласындағы К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында гастрольдік күндері өтеді.

ҚР Мәдениет министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 5 күн бойы астаналық көрермендердің назарына 6 сахналық қойылым ұсынылатын болады. Олардың бесеуі - ересектерге арналған. Атап айтқанда, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» (реж. Жанат Хаджиев ) трагедиясы; Ермек Аманшаевтың «Балкон» (реж. Сағызбай Қарабалин) романтикалық иллюзиясы; Фридрих Шиллердің «Махаббат пен ғадауат» (ауд. Талғат Теменов, реж. Роман Виктюк) трагедиясы; Мар Байджиевтің «Тұншыққан сезім» (ауд. Райымбек Сейітметов, реж. Балтабай Сейітмамытұлы); Шыңғыс Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» (инсц. жасаған және реж. Талғат Теменов) спектаклі.

Сонымен қатар, театр 11-14 қазан аралығында «Наурыз думан» (авторы және реж. Мұрат Ахманов) музыкалық-танымдық балаларға арналған ертегі қойылымдарын тарту ететін болады.