G20 елдеріндегі миллиардерлердің байлығы бір жылда 2,2 трлн долларға өсті – Oxfam

Фото: Canva

АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы бір жылда G20 елдеріндегі миллиардерлердің жиынтық байлығы 16,5 пайызға өсіп, 15,6 трлн долларға жетті. Бұл туралы Oxfam халықаралық қайырымдылық ұйымы Forbes дерегіне сілтеме жасап мәлімдеді, деп жазады DW.

Ұйымның есебінше, әлемде кедейлік шегінен төмен өмір сүріп жатқан 3,8 млрд адамға (Дүниежүзілік банк бұл шекті адам басына тәулігіне 8,3 доллардан төмен табыс ретінде анықтайды) көмектесу үшін шамамен 1,65 трлн доллар жеткілікті.

G20 саммиті 22 қарашада Оңтүстік Африка Республикасында басталар алдында Oxfam Германия канцлері Фридрих Мерц пен өзге де әлем лидерлерін төмен табысты елдерге қолдауды арттыруға, сондай-ақ супербай адамдарға салықты көбейтуге шақырды.

Oxfam-ның әлеуметтік әділдік бөлімінің басшысы Тобиас Хаушильд өсіп келе жатқан теңсіздікті «адамзатқа елеулі қауіп» деп сипаттады.

«Әлемнің әр түкпіріндегі өсіп жатқан теңсіздік адамзатқа қатер төндіріп отыр. Ол миллиондаған адамды экономикалық қиындыққа тірейді, саяси бөлінуді күшейтеді және демократияның әлсіреуіне әкеледі. Мемлекеттер даму жолындағы елдерге көмекті қысқартып жатқанда, супербай адамдардың әлі де тиісінше салық төлемеуі – мүлде қабылдауға болмайтын жағдай», – деді ол.

Бұған дейін Еуроодақта балалардың 25 пайызы кедейлік шегінде өмір сүріп жатқаны хабарланған болатын.