G20 саммиті барысында «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбаттарында Үндістан журналистері осындай пікірлерімен бөлісті.
«ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың G20 саммитіне қатысуы Сіздердің мемлекеттің және ел президентінің әлемдік аренадағы жоғары беделін көрсетіп отыр. Н. Назарбаев баяндама жасап, онда жаһандық экономикалық мәселелерді шешудің өзіндік жолдарын ұсынды. Оның ішінде Президент G-Global аясында G20 пен дамушы елдер арасында сұхбат орталығын құруды ұсынды. Бұл идея өмірде өзінің қолданылуын табатынына сенімдімін, себебі қазіргі жағдай мен ахуал жаһандық мәселелерді шешуде бұдан да көп мемлекеттердің тартылуын талап етіп отыр», - дейді «The Hindu» газетінің тілшісі Атул Анеджа.
Оның сөзінше, G-Global ақпараттық-коммуникациялық алаңнан әлем мемлекеттерінің сұхбат платформасына айналатыны сөзсіз, оған Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) бастамаларының даму тәжірибесі дәлел бола алады.
«Н. Назарбаев АӨСШК құру туралы идеясын 1992 жылы жариялады, көп ұзамай, 2002 жылы кеңестің бірінші саммиті болды. 2014 жылы Шанхайда АӨСШК-нің 4-ші саммиті өте сәтті өтті. Қазір ұйым дамып жатыр және оның әлемдегі беделі артуда. Осыған қарап-ақ, G-Global даму бастамаларының ары қарай өркен жаятындығына және ол нақты саясат құралдарына, өзара қарым-қатынастың тәжірибелік алаңына айналатынына күмән жоқ», - деп атап өтті А.Анеджа.
«Hindustan Times» басылымы Бейжің бюросының тілшісі Сутирто Патронобистің пікірінше, Қытайдың G20 саммитіне дамушы елдердің басшыларын көптеп шақыруы - әлемдік аренада мейлінше жоғары деңгейде қолдау табуын көздеуі.
«Қытай, былай алып қарағанда, G20 саммитінің аясын кеңейтті және әлемдік проблемаларды шешуге дамушы елдерді тартты. Бұл өте маңызды. Мысалы, Үндістан, халық санына және экономикадағы әлеуетіне қарамастан, осындай ірі форумдарға қатысуға көп жылдар бойы мүмкіндігі болмай келді. Меніңше, өз көшбасшыларының осындай форумдарда қатысуы арқылы дамушы елдерде жаһандық шешімдерді жасауға нақты қол жеткізіп отыр. Осы тұрғыда, Ханчжоу саммиті Қазақстан Президенті бастамаларының G-Global одан әрі дамытуда өзектілігін көрсетті», - деді ол.
Еске сала кетейік, Н. Назарбаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиньнің шақыртуымен 4-5 қыркүйекте G20 саммитіне қатысқан болатын. Ханчжоуда өткен форум барысында Мемлекет басшысы баяндама жасады. Онда Елбасы жаһандық экономикалық мәселелерді шешудің жолдарын ұсынған болатын.