Канада, Франция, Германия, Италия, Жапония, Ұлыбритания мен АҚШ-тың сыртқы істер министрлері мен ЕО сыртқы істер жөніндегі жоғары өкілі «Иранда ешқашан ядролық қару болмайды» деген ұстанымын растап, Тегеранды уранды байытуды тоқтатуға шақырды, деп жазады Middle East Monitor.
- Біз келіссөздерді жандандыруға шақырамыз, оның нәтижесінде Иранның ядролық бағдарламасына қатысты барлық бағытты қамтитын, тексерілетін табанды келісім қалыптасады, - делінген хабарламада.
G7 өкілдері Иран мен Израиль арасындағы атыстың тоқтауын қолдайтындықтарын растап, тараптарды өңірді одан сайын тұрақсыздандыратын әрекеттерден аулақ болуға шақырды.
Тегеран екіжақты қарым-қатынастардың шиеленісіп кетуіне байланысты МАГАТЭ-мен ынтымақтастықты тоқтатқан болатын. 25-ші маусым күні заң шығарушылар басым дауыспен Венада орналасқан ұйым өкілдігімен ынтымақтастықты тоқтатуға дауыс берді. Заң сәрсенбі күні күшіне енді.
АҚШ Иранның бұл шешімімен келісуге болмайтынын мәлімдеді.
- Біз бұнымен келіспейміз, себебі Иран өзінің алған бағытын өзгертіп, бейбітшілік пен гүлденуді таңдау мүмкіндігі туып тұрғанда МАГАТЭ-мен ынтымақтастықты тоқтатты, - деп мәлімдеді Мемдепартаменттің баспасөз хатшысы Тэмми Брюс.
БҰҰ өкілдері де бұл шешімнің алаңдатарлық екенін айтты.
- Бұл шешім әрине, алаңдатады. Меніңше, Бас хатшының Иранды МАГАТЭ-мен ынтымақтасуға шақыруы және барлық мемлекеттерді ядролық мәселелер бойынша МАГАТЭ-мен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуге үндеуі ақылға қонымды деген ойдамын,-деп мәлімдеді БҰҰ Бас хатшысының баспасөз хатшысы Стефан Дюжаррик.
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен ынтымақтастықты тоқтатуы аясында Иранның ядролық нысандарының қазіргі мәртебесі белгісіз.
Жексенбі күні Иранның БҰҰ-дағы елшісі Амир Саид Иравани инспекторлардың жұмысы тоқтатылғанын, алайда оларға немесе МАГАТЭ-ге қатысты қандай да бір қоқан-лоққы жасалмағанын мәлім етті.
Ол инспекторлардың Иранда, қауіпсіз жерде екенін мәлімдеп, «алайда олардың жұмысы тоқтатылды және біздің нысандарға кіруге тыйым салынған»,-деді.
Осыған дейін Пентагон Иранның ядролық бағдарламасы шамамен екі жылға кейінге қалдырылғаны туралы мәлімдеген болатын.