G7 сыртқы істер министрлері Израиль мен Палестинаға қатысты мәлімдеме жасады

Фото: Фото: Unsplash

«Үлкен жетілік» елдерінің сыртқы істер министрлері Израиль мен Газадағы жағдайға байланысты ортақ мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

АҚШ Мемлекеттік департаменті жариялаған мәлімдемеде Канада, Франция, Германия, Италия, Жапония, Біріккен Корольдік пен Америка Құрама Штаттарының сыртқы істер министрлері тұтқындарды босатып, Газа тұрғындарына көбірек гуманитарлық көмек жеткізе алу үшін соғысқа үзіліс жасауды құптайтыны айтылған.

Сондай-ақ G7 барлық тұтқынды дереу және сөзсіз босатуға, жанжал аумағынан шет ел азаматтарын шығаруды жеңілдетуге шақырды.

Сонымен қатар «Үлкен жетілік» Израиль өзін және өз халқын биылғы 7 қазандағы жағдай қайталанбас үшін халықаралық құқыққа сәйкес қорғай алатынын атап өтті.

«G7 сыртқы істер министрлері екі мемлекеттің де болуы үшін Палестина мемлекетін құру қажет деп санайды. Бұл израильдіктермен қатар палестиналықтарға да әділ, мықты және қауіпсіз қоғамда өмір сүруге мүмкіндік береді», — делінген мәлімдемеде.

Құрама Штаттар мен өңірдегі елдердің, әсіресе Катар мен Мысырдың оқ жаудыруды тоқтатуды қамтамасыз етудегі үлесі, сондай-ақ гуманитарлық көмек жеткізуді үйлестіруде БҰҰ қолдауы атап өтілді.

G7 теңіздегі қауіпсіздіктің маңызды екенін айтып, барлық тарапты халықаралық теңіз жолдарымен және коммерцилық кемелермен қорқытпауға, сондай-ақ хуситтерді шабуылды тоқтатып, биыл 19 қарашада халықаралық суларда заңсыз басып алынған «Galaxy Leader» кемесінің экипажын дереу босатуға шақырды.