Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенцияға қосылуы және ратификациялауы туралы» заң жобасын талқылау барысында ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрдің айтуынша, бүгінгі күні Парламент Мәжілісінде Неке және отбасы туралы кодекс жобасы талқыланып жатыр. «Бұны ескере отырып, шетелдік бала асырап алуға қатысты ұлттық заңнамада қажетті нормалар енгізу мүмкіндігінің бар екендігін атап өту қажет. Әсіресе, құжат бойынша бала асырап алу құқығы берілмейтін шетелдік азаматтардың санатын тағы да пысықтауға болады. Мәселен, бұндай санатқа соттылығы бар тұлғаларды, дәстүрлі емес жыныстық бағдардағы тұлғаларды, бала асырап алмақшы жалғызбасты шетелдік азаматтар, жасы елуден асқан шетелдіктер, азаматтығы жоқ тұлғалар, Қазақстанның елшіліктері мен консулдық мекемелері жоқ мемлекеттерде тұратын азаматтар және тағы басқаларды жатқызуға болады. Сонымен бірге, Кодекс жобасында асырап алынған балалардың құқықтары бұзылған жағдайда оларды қайтару тетіктерін қарастыру қажет», деді Ж. Түймебаев.
Министрдің сөзіне қарағанда, Қазақстанның Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы Гаага конвенциясына қосылуы бала асырап алуға қатысты ұлттық заңнаманы халықаралық нормаларға сәйкестендіруге мүмкіндік береді. «Жалпы, Гаага конвенциясын ратификациялау шетелдік азаматтарды қазақстандық балаларды асырап алуға белсенді тарту үрдісі емес. Керісінше, құжат шетелдік азаматтар бүгінге дейін асырап алған қазақстандық балалардың құқықтарын қорғау және бақылау мәселесін өркениетті шешу жолдарын қамтиды», деді ол.