Гаагада Қазақстанның БҰҰ ҚК-ге төрағалығының қорытындысы талқыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат -  12 ақпанда Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Елшілігінде еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығының аяқталуына орай дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға Нидерланд Сыртқы істер министрлігінің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мәселелері бойынша арнайы тобының үйлестірушісі Роберт Дресен, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүше елдерінің елшілері, «Клингендайл» жетекші талдау орталығының сарапшылары және басқа да Нидерландтық академиялық топтарының белгілі өкілдері қатысты.

Жиында сөйлеген Қазақстанның Нидерланд Корольдігіндегі  Елшісі Мағжан Ілиясов Қазақстан төрағалығының шеңберінде кеңестер, брифингтер және пікірталастар үлгісінде отызға жуық отырыстар өткізіліп, олардың қорытындылары бойынша Кеңес төрағасының қарарлары және мәлімдемелері қабылданғанын атап өтті. Қазақстан дипломаты Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 18 қаңтардағы саяси үндеуінің негізгі бығыттарына ерекше назар аударып, олардың ішінде Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысының басымдықтары мен тәжірибелік компоненттері көзделгені туралы айтты.

Сонымен қатар, Қазақстанның Әлемдік терроризмге жол бермеу туралы мінез-құлық кодексі жобасының іске қосу бойынша жоғары деңгейдегі арнайы іс-шара өткізгені туралы атап айтылды. БҰҰ-ның, оның ішінде терроризмге қарсы құрылымдардың басшылығы, мүше мемлекеттердің жүзден астам делегацияларының өкілдері аталған кодекстің өзектілігі мен маңыздылығын қолдады.

Өз кезегінде дөңгелек үстелге қатысушылар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретінде Қазақстанның жетістіктерін жоғары бағалап, атап айтқанда Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған біздің еліміздің практикалық күш-жігерін атап өтті.

19 қаңтарда өткен министрлік пікірталастардың қарсаңында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің Ауғанстанға жеті жылдың ішінде ұйымдастырылған алғашқы сапары бүл елдің ішкі және айналасындағы тұрақтылық пен өркендеуді қолдау үшін шешуші маңызға ие болғаны айтылды. Сонымен бірге, Қазақстан және Президент Н.Назарбаевтың жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау ісіне елеулі үлесі тағы бір қайтара атап өтілді. Кездесу барысында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тұрақты емес мүшелерінің 2018-2019 жылдарға арналаған күнтәртібі бойынша жан-жақты пікір алмасу болды.

Кездесуді қорытындылай келе, Роберт Дресен: «Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесінің төрағалығы әлемдік қауымдастыққа ең өзекті мәселелерді шешуге сындарлы көзқарастпен қарайтынын көрсетті. Атап айтқанда, Ауғанстандағы қауіпсіздікті нығайту маңызды өңірлік экономикалық жобаларды, оның ішінде инфрақұрылымды дамыту, электроэнергиямен жабдықтау, сауда-саттық пен транзит қызметтерін қеңейту жобаларын іске асыруға жол ашады» - деп мәлімдеді.