«Ресейғарыш» агенттігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, бүгін таңертең ғарыш айлағының №1 ұшыру алаңына («Гагариндік ұшыру алаңы») «Прогресс М-08М» жүк кемесі бекітілген «Союз-У» зымыраны орнатылды. Зымыран ұшыру бағанына орнатылғаннан кейін, мамандар алғашқы ұшыру күнінің бағдарламасы бойынша дайындық шараларына кірісіп кетті.
Зымыранды қазанның 27-сі күні Астана уақыты бойынша сағат 21.11-де ұшыру жоспарланып отыр. Жүк кемесі орбитаға 2,5 тоннадай жүк жеткізеді.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың маусым айынан бері ғарыш стансасында Дуглас Уилок, Федор Юрчихин және Шеннон Уолкер кезекшілік атқаруда, ал қазан айында оларға Александр Калери, Олег Скрипочка және Скотт Келли қосылды.